«Елші айтатын сөз емес». Мәжіліс төрағасы ресейлік дипломаттың даулы мәлімдемесіне жауап берді
Бұған дейін Алексей Бородавкин Қазақстандағы орыс тіліне қатысты пікір білдірген еді
Жуырда Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин «Россия сегодня» агенттігіне көлемді сұқбат беріп, Қазақстандағы орыс тіліне қатысты пікірін айтты.
Әрбір қазақстандық екі аяғын нық басуы үшін екі тілді меңгеруі керек: мемлекеттік тіл – қазақ тілі және ресми тіл – орыс тілі. Бұл Қазақстан Конституциясында айтылған, - деген Ресей елшісі.
Ресей елшісінің бұл мәлімдемесі Қазақстан қоғамында дау туғызды.
Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Ресей елшісінің сұқбатта айтқан сөзіне пікір білдіріп, Алексей Бородавкиннің пропагандистер мен саясаттанушыларға ұқсап мәлімдеме жасамауы қажет екенін айтты.
Қошановтың айтуынша, дипломаттың сұқбат барысында айтқан кей пікірі елші мәртебесіне сай келмейді.
«Бородавкин мырзаның сұқбатымен таныстым. Оның сұқбат барысында айтқан кей пікірі елші мәртебесіне сай келмейді және пайда әкелмейді. Негізі, Бородавкин мырза – өте тәжірибелі дипломат. Бірақ ол пропагандистер мен саясаттанушыларға ұқсап мәлімдеме жасамауы қажет. Екіншіден, ксенофобия Ресейде де, басқа елдерде де бар. Сондықтан, біз екі елге пайдалы іспен айналыспен айналысуымыз қажет. Саясаткерлердің аузынан шыққан сөз екі елдің қарым-қатынасына сызат түсірмегені жөн», - деді Ерлан Қошанов.