Мемлекеттік дума мектептерге қытай тілін енгізуді ұсынды
Ханьзу тілін ағылшын тілінің орнына пайдаланады
Ресей мемлекеттік думасының депутаттары мектеп бағдарламасынан ағылшын тілін алып тастап, оның орнына ханьзу тілін енгізуді ұсынды. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
Ресейдің мектеп оқушылары тілдер үйрену бағдарламасы шеңберінде Мәскеуге «дос» елдердің, мысалы, қытайдың тілін үйренуге тиіс. Мен мектеп бағдарламасына міндетті түрде енгізілуге тиісті тіл қытай тілі болуы қажет екеніне принципті түрде сенімдімін, – деді Думаның қауіпсіздік және жемқорлыққа қарсы әрекет комитетінің мүшесі Бийсултан Хамзаев «Дума ТВ» тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, оқушылардың мектепте жүргенде үйренуге тиісті тілдері арасында араб және испан тілдері де бар.
Депутаттың мектептегі тілдер бағдарламасын қайта қарау жөнінде ұсыныс айтып, бастама көтеруіне Ресейдің Украинаға басып кіргенінен кейін халықаралық жағдай, ондағы Мәскеуге деген салқын көзқарас, осының бәрінің басында ағылшынтілді қайраткерлердің тұрғаны себеп болған. Хамзаевтың пікірінше, соғысты қатты айыптап, Украинаға болысып отырған Батыс елдеріне қарағанда, қытай мен араб мемлекеттері Ресей билігіне түсіністікпен қарап, едәуір ашықтық пен ымырашылдық танытады.
Сіздер әлемде қазір не болып жатқанына назар аударыңыздар. Шығыста Ресейді құрметтеу позициясы бар. Онда рейтингіміз ұдайы өсіп келеді. Атап айтқанда, саясат солай құрылғандықтан өспейді. Шығыс та Ресейдің ұлттық қауіпсіздігі мен егемендігі тұрғысынан қарағанда, өзінің жеке мүддесін қорғап жатқанын жақсы түсінеді. Сондықтан араб елдері, тұтастай алғанда Шығыс қазір Ресей үшін ашық болып отыр, – деді парламентарий.
Бийсултан Султанбиевич Хамзаев (көбінесе Султан Хамзаев ретінде танымал) 1982 жылы 24 мамырда Дағыстанның Хасавюрт ауданында туған. Ұлты – құмық. Бұған дейін Мәскеуде екі институттың проректоры болған. Думада бірнеше рет жанжалды ұсыныстар көтеруімен аты шыққан. Мәселен, жастары 21-ге толмаған жастарды спиртті ішімдік ішілетін орындарға кіргізбеу, шылым тартпайтындардың еңбек демалысы уақытын көбейту, 1-2 қаңтар күндері алкоголь сатуға елде жаппай тыйым салу секілді ұсыныстар айтамын деп, басы біраз дауға қалған.
Оның тағы бір есте қалғаны: биылғы жылдың қаңтар айында бүкіл Орталық Азияны «орыстың байырғы жерлері» деп айтып, «егер Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылса, оны тек қуана қолдау керек» деп мәлімдеген болатын.