Halyq Uni логотип
×

Таразда қос қолы жоқ тігінші әйел төрт адамды жұмыспен қамтып отыр

8 наурыз мерекесі қарсаңында туғаннан қос қолы жоқ шебермен сұқбат

 Ұлдана Жұбай 07.03.2022 | 17:23
Таразда қос қолы жоқ тігінші әйел төрт адамды жұмыспен қамтып отыр
фотолар: Анар Бексұлтанованың жеке архивінен

Тараздық Анар Бексұлтанованың елден ерекше дарыны талайды тамсандырып келеді. Ол сәби кезінен екі қолсыз туылса да, қиындыққа қаймықпай қолөнер шебері атанды. Бүгінде 43 жастағы келіншек аяғымен ине сабақтап, көрпе көктейді, ою бастырады. Тігісінде мін жоқ. Қиялы ұшқыр шебердің тіккен дүниелері айрықша өрнегімен, нақышты бедерімен басқалардан ерекшеленеді. Әлжуазға жігер, әлсізге күш беретін бойындағы қайсарлығы мен өмірге деген құлшынысы оны кәсіпкер атануға баулыды. Дара жолы бар дарын иесімен Halyq Uni тілшісі сұқбат құрды. 

- Ұлттық өнерді ұлықтап, тігіншілікті табыс көзіне айналдырып отырсыз. Жалпы, өзіңіз жайлы аз-кем айта отырсаңыз...

- Мен Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келдім. Көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Жеті баланың бесіншісімін. Бүгінде екі қыз тәрбиелеп отырмын. Биология пәнінің мұғалімі деген мамандық алып, жоғарғы оқу орнын тәмамдадым. Менің өмірім - бір сағатта айтып тауысатын әңгіме емес, менің өмірім – қызығы мен қиындығы қатар жазылған дастан секілді.

- Кәсіпті қанша жасыңызда қолға алдыңыз?

- Екі қолы жоқ адаммын. Соған қарамастан бала кезімнен апаларымыздың тігін тігіп отырғанын көргенде, соның бәрін мен де істесем ғой деп армандайтынмын. Кейіннен арманым шындыққа айналып, 2013 жылы жеке кәсібімді аштым. Тігін цехы. Бүгінде ұжымымда төрт адам қызмет етеді.

- Кез келген кәсіпті бастар алдында түрлі қиындықтар кездесетіні анық қой?

- Әрине. Бастапқыда көп тікпедім. Тек кестелеу машинасында ғана отырғанмын. Бір аяқпен педаль басамын, бір аяқпен матаны ұстап тігетін күндер болды. Қиындық көп болды. Алайда, жасымай, алға баса бердім. Оның үстіне көмектесетін қыздарым болды. Бастапқы кезде қарыз сұрап, біреуден 200 мың теңге алдым, тағы біреуінен 150 мың теңге алдым. Сөйтіп ақшаның басын құрап, тауар сатып алып келдім. Сөйтіп бастадым. Ол кезде тәжірибем де аз. Не алып, не қойып жатқаныңды білмейсің. «Көш жүре түзеледі» деген рас екен, қазір сұраныс артып, жұмысымыз алға басты.

- Өнімге сұраныс қай өңірлерден көп түседі?

- Негізгі сұраныс өзіміздің өңірден, яғни Жамбыл облысынан түседі. Одан бөлек, Алматы, Астана, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Шымкент, Қарағанды сынды қалалардан да тапсырыс қабылдаймыз.

- Болашақта кәсібіңізді кеңейту ойыңызда бар ма?

- Қазір біз тек қыз жасауын тігеміз. Болашаққа деген жоспар көп. «Шебер шаңырақ» деген мүгедектер қоғамын аштық. Ондағы мақсат - әйелдерді жұмыспен қамту, еңбекке баулу. Қазір елдің бәрі тігін машинасын алып алған, бірақ жұмыс істемейді. Міне, солардың барлығын үйрететін кез келді деп ойлаймын. Жалпы, үйде отырған әйелдермен, болмаса бір істі бастап алып, аяғына дейін жеткізе алмай отырған қыз-келіншектермен жұмыс істейміз, бағыт-бағдар береміз.

- Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

- Тек алға басу, ұмтылыстың жағында болу. Жақсы нәрсе ойлап, артымда жақсы сөз қалса деймін. Әу бастағы мақсатым ұстаз еді. Биология пәнінің мұғалімі болмасам да, бүгінде қыз-келіншектерге тігіншілікті үйретіп, ұстаздық етіп жүрмін. Ендігі мақсатым – қоғамда жұмыссыз әйелдер қатарын азайту. Оларды кәсіпке баулығым келеді.

- 8 наурыз мерекесі қарсаңында қазақ әйелдеріне айтар қандай ақыл, ұсынысыңыз бар?

- Қазір әйелдерге мүмкіндік көп. Мысалы, мен өз кәсібімді бастаған уақытта қазіргідей мүмкіндік болмады. Грант деген былай тұрсын, бағыт-бағдар беретін ақпараттық технология да тұралап тұрған. Қандай нәрсе бастасаңыз да, жауапкершілік пен шыдамдылық танытуға тиіспіз. Тағдырдың соқпағына төзе біліп, алға ұмтылу керек.

- Пікіріңізге, сұқбатыңызға рахмет. Қоғамда сіздей қайсар әйелдердің қатары көбейе берсін!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама