Ал қаланың білім басқармасы биыл баға сол күйінде қалатынын жеткізді
Елорда мектептерін ыстық тамақпен қамтып отырған кәсіпкерлер бюджеттен бөлінетін қаржының аздығын айтып шағымданды. Айтуларынша, ақшалары жалға алу құнынан, күн санап қымбаттаған азық-түліктен, газ бен судың ақысынан артылмайды екен.
Мысалы, пандемияға дейін тек жалға алу құнына айына 50 мың теңгенің айналасында төлесе, қазір 350 мыңды санап береді. «Бұлай жалғаса берсе, банкрот болып тынамыз. Сондықтан бұл кәсіпті тоқтатқанымыз абзал» дейді олар.
Ал қаланың білім басқармасы биыл баға сол күйінде қалатынын жеткізді. Алдағы уақытта бір оқушыға 530 теңге тағайындау жоспарланған. «Біз де нарықтағы бағаны бақылап, зерттеу жүргізіп отырмыз» дейді ондағылар. Ал кәсіпкерлердің бір оқушыға тамақ құнын мың теңге қылса деген талап-тілегі бар.
«Біз тек келісімшартымызды аяқтау үшін ғана жұмыс істеп жүрміз. Мен және өзім секілді басқа да компания иелері бар. Өйткені артымнан «бастаған ісін соңына жеткізбейтін жауапсыз кәсіпкер» деген сөз ергенін қаламаймын. Егер бағаны көтермесе, келесі жылдан бастап тендерге қатыспаймыз. Өйткені бұл жерде тек біздің мүддеміз емес, балалардың денсаулығы тұр. Қазіргі бөлінетін қаржыға дұрыс тамақтандыру мүмкін емес», - дейді кәсіпкер Илья Зайцев.