Мемлекет ЖЭС-тердің модернизациясына жыл сайын қыруар қаржы жұмсайды
Қазақстандағы жылу электр станцияларына бөлініп жатқан миллиардтар қайда кетіп жатыр? Неге мемлекет ақшасы модернизациялауға жұмсалмаған? 30 жыл табысын алып, енді кәсіпорындар қирағанда оны акционерлер Үкіметке қайтарып беруді қалайды. «Сұрауы бар» ютуб арнасына сұхбат берген депутат Ерлан Саиров осы мәселені Парламенттік деңгейде көтеруін доғармайтынын мәлімдеді.
Жылу энергетикалық инфрақұрылымдар тозып тұр. 30 жылдың ішінде көбі жекеменшікке берілген. Жеменшіктегілерінің бірде біріне модернизацияға бір тиын да бөлінбеген. Әрине, жағдай ушығып кетеді. Екібастұздағы сол кәсіпорынның директоры жылына 400 млн теңге бөлеміз дейді. Бірақ сол 400 млн теңгенің өзін де олар игермеген. Қайда ол ақша? Соны зерттеу керек, - дейді спикер.
Оның үстіне, аталған сектордағы кәсіпорындар мемлекеттік бағдарламамен де 2015 жылдан бері тағы қыруар ақша алып келгені белгілі. Бірақ оны да діттеген жеріне жұмсамаған.
Бұл жерде екі мәселе бар. Бірінші – тарифтің ішінде инвестицияға деген бөлігі болады. Әрбір азамат жылу үшін ақша төлеген кезде белгілі бір соманы инвестицияға, магистральді қайтадан жөндеуге кетуі керек. Міне, осы ақша қайда кетті? Екінші – 2015-2022 жылдары мемлекет әртүрлі бағдарламалар арқылы дәл осы магистральдарға 184 млрд теңге жұмсаған. Міне, осы ақша қайда кетті? Бюджеттен бөлінген ақша ғой, - дейді Саиров.
Депутат кәсіпорын акционерлері мемлекеттен бөлінген ақшаны өздеріне еншілес компанияларға салып отыруы да мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Клебанов мырза айтады біз осы кәсіпорынды алғаннан бері 17 млрд теңгеге шығынға кірдік дейді. Бұны да зерттеу керек. Осы Екібастұз ЖЭС-ның мердігерлері кім? Мердігер өзінің еншілес кәсіпорындарына жіберуі де ықтимал. Екібастұзда не көп - Майнинг компаниялары көп. Сол акционерлердің өздерінің компаниясы болуы мүмкін. Мен солай деп нақтыламаймын, бірақ болжаймын», - дейді ол.
Сұхбаттың толық нұқсқасын мына сілтемеген өтіп көруге болады.