Ресей Украинадағы соғыс қылмыстарын мойындаудан бас тартты
Гаага соты РФ-ға қатысты материалдарды зерттеп жатыр
Ресей билігі өзінің Украинадағы соғыс қылмыстарын зерттейтін халықаралық трибуналдың үкімін мойындамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
«Кремль Еуроодақтың Ресей армиясының Украинадағы соғыс қылмыстарын тексеруге арналған арнайы трибунал құру жөніндегі әрекеттерін қабылдамайды. Әлдеқандай бір трибунал құру жөніндегі әрекеттерге келсек, оның ешқандай қауқары болмайды, біз оны қабылдамаймыз және оған баға беріп те жатпаймыз», – деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Оның айтуынша, Ресей тергеушілері қазір «күнбе-күн және іс жүзінде сағат сайын Киев режимінің қылмыстарын тіркеп қойып отыр.
Песков сондай-ақ «ұжымдық Батысты» Киевтің 2014 жылдан бастап жасаған қылмыстарына назар аудармай отыр деп айыптап, Мәскеудің оның бәрін зерттеп келе жатқанын айтты.
Осының қарсаңында Еурокомиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен Ресейдің Украинадағы соғыс қылмыстарын зерттейтін арнайы комиссия құруды ұсынған болатын. Оның айтуынша, комиссия БҰҰ аясында құрылуы керек. Еурокомиссия сонымен бірге жұмыс істеп, Гаага қылмыстық істер сотына материал дайындай алады.
«Ресей өзінің жасаған қылмыстары үшін толық жауап беруі тиіс», – деп атап өтті фон дер Ляйен.
Бұдан бұрын Еуропа одағының шенеуніктері өздеріне БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі арқылы арнайы трибунаны құрудың орайы келетініне күмән келтірген еді. Себебі, Қауіпсіздік кеңесінің бір мүшесі болып отырған Мәскеу бұл жерде өзінің вето қою құқығын міндетті түрде пайдаланып кетеді. Сөйтіп, іс бірден жабылып қалады. Бірақ мұны БҰҰ-ның Бас ассамблеясы арқылы жасауға да болады. Бұл жағдайда Ресейді әлем елдерінің үштен екі бөлігінің қолдамайтыны еш күмән туғызбайды. Осының өзі трибуналды құруға толық мүмкіндік береді.
Гаага халықаралық қылмыстық істер соты қазіргі күндері Украина территориясында 2013 жылғы 21 қарашадан күні бүгінге дейін жасалған соғыс қылмыстарын зерттеп жатыр. Зерттеу Ресей биыл Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше аптадан соң наурыз айында басталды.