Қаланың бұрынғы басшысы елді дүрліктірген жағдайға пікір білдірді
Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі Нұржан Әшімбетов елді дүрліктірген жағдайға пікір білдірді.
NewsRoom99 Telegram арнасы таратқан видеода ол жылу электр орталығындағы проблеманың бір күнде пайда болмағанын, әлеуметтік нысанды кезінде кәсіпкерлер жеке меншікке алып, иеленіп алғанын, проблеманың бәрі сол кезден басталғанын айтты.
«Екібастұзда төтенше жағдай болды. Дегенмен проблема бір күннің ішінде пайда болған жоқ. Екібастұз жылу станциясы жеке меншік болды. Бұл жердің жылу электр орталығы – ескі, тозған нысанға жатады. Инвестор ол проблемаға уақытылы мән бермеген. Кезінде жаппай сатып алды. Мүмкін мемлекеттен субсидия болады деген үміттенген шығар», – деді Нұржан Әшімбетов.
Сондай-ақ, ол видеода Екібастұз қаласының әкімі қызметіне 2018 жылы келгенін, келген бетте коммуналдық шаруашылықтағы проблемалардың алдынан шыққанын айтты.
«2018 жылы Екібастұзға әкім болып келгенімде коммуналдық шаруашылықта көп проблема болды. Мәселені шешу оңай болған жоқ. Мамандар жылу желілерін ауыстырып жатты. Ол жерде жылу мен су беру желілерінің құбыры қатар жүргізілген. Жөндеу жұмысы кезінде жылу желілерін судан бөлек тартты. Осылайша жылу мен су кәрізі екі бөлек жүргізілді. Біз осы мәселені көтерген соң бюджеттен қаржы бөлінді. Нәтижесінде бірқатар проблема шешімін тапты. Басшылықтан кеткеннен кейін жылуға жауаптылар шаруаны сол күйі қалдырған, шамасы. Осы уақытқа дейін жылу желілеріне қандай да бір жөндеу, қайта салу жұмыстары жүргізілмеген», – деді ол.