Halyq Uni логотип
×

Ресей пропагандистері Гаага трибуналынан сақтана бастады

Маргарита Симоньян мұндай жағдайда соғысқа қатысы бар адамдардың бәрі сотталатынын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 01.12.2022 | 16:26
Ресей пропагандистері Гаага трибуналынан сақтана бастады
фото: ашық дереккөз

Ресейдің мемлекеттік телерналары Украинадан жеңіле қалған жағдайда өздерін Гаага трибуналы күтіп тұрғанын жұрт санасына сіңіруге кірісті. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.

«Мемлекеттік арналар Ресейдің Украинамен соғыста жеңілуінің соңында ел тұрғындарын не күтіп тұрғанын айтуды бастады», – делінген хабарламада.

RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян мұндай жағдайда соғысқа қатысы бар адамдардың бәрін Гаага трибуналы күтетінін ескертті.

Егер бізге жеңіліп қалатындай күн туса, тіпті Кремль қабырғасының арғы жағындағы көшені сыпырып жүрген аулашыға дейін, бәрімізді шартты не нақты түрде Гаага күтетін болады. Киевтің тағы бір ауданы жарықсыз қалғанының немесе қалмағанының бізге не келіп-кетері бар? Егер біз жеңілсек, біздің еліміздің бастан кешетін апатының ауқымын тіпті көзге елестету де мүмкін емес, – деп мәлімдеді Симоньян «пропагандист» Владимир Соловьевтің ток-шоуында.

Сондай-ақ ол Украинаның соғыста Қырымды азат етуге мүмкіндігі бар екенін, Ресейдің ұрыс даласында УҚК-теріне қарсы ештеңе де істей алмайтынын, тап сондықтан армияның азаматтық инфрақұрылымдарды бомбылап жатқанын іс жүзінде мойындап та қойды.

Олар біздің Қырымды алуға дайындалып жатыр. Ал біз бұл жағдайда не істей аламыз, тек күн сайын бомбалай бере аламыз. Инфрақұрылымдарды бомбалаймыз. Құдай көріп тұр. Біз басында мұны қаламап едік. Мен биліктің де мұны қаламағанын өте жақсы білемін, – деді Симоньян.

Ол енді кері қайтатын жол жоқ екенін, сондықтан ақырына дейін бару керектігін, ал бұл инфрақұрылымдар «Украинаға соғысуға және дұшпандарын өлтіруге» көмектесетін болғандықтан, оларды қиратуға тура келетінін, бірақ трибуналдан бәрібір құтыла алмайтындарын айтып салды.

Алайда осы сәтте Соловьев егер Ресей жеңілетін болса, «ешқандай Гааганың болмайтынын» атап көрсетіп, Симоньянның екпінін басты. Оның айтуынша, бұл жағдайда бір ғана нәрсе – «бүкіл әлемнің құрдымға кетуі» қалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама