Павлодар облысының әкімдігі Екібастұздағы жарылысқа жеке ПИК-терді кінәлап отыр
Олар жөндеу бригадаларын күтпестен, өз беттерінше әрекет жасаған көрінеді
Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Олег Крук Екібастұздағы жағдайға жекеменшік пәтер иелері кооперативін кінәлады.
Өткен тәулікте екінші орталық жылу пунктіндегі апат жойылды. Біз сол жерде екі клапанды ауыстырдық. 17 үйді біртіндеп қосатын болдық. Желілік су берілгеннен кейін жағдай қалыпқа келуі керек еді, бірақ жылу энергетика орталығында желілік сумен жабдықтау тағы үштен бірге артып, сағатына 1200 тоннаға жетті. Оны сағатына 950 тоннаға дейін төмендету үшін тұтынушыларға кейбір шектеулер қоюға тура келді, - деді Олег Крук.
Бұл ретте ол жекеменшік пәтер иелері кооперативтерінің бақылаусыз әрекет еткенін айтып отыр. Олар жөндеу бригадаларын күтпестен, өз беттерінше әрекет жасаған көрінеді. Салдарынан барлық ішкі жылу жүйелерін жөндейміз деп жағдайды ушықтырып жіберген.
Олег Круктің айтуынша, станцияда су жеткілікті болса, жөндеушілер барлық мекенжайларда бірден жұмыс істей алар еді. Дегенмен бұл әлі мүмкін емес. Мәселені шешу үшін қазір қалалық канал мен ЖЭО мамандары жұмыс істеп жатыр.