Қазақтың нағашылары кім: Зерттеуші қай ұлттармен туыс екенімізді анықтады

Ая Өміртай

Қазақ пен Жапон арасында генетикалық байланыс бар

Коллаж: Halyq Uni

Оның ішінде қазақ әйелдерінің қай ұлттармен туыстық байланыста екендігі анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

29 қарашада АҚШ-тың PLoS ONE журналында жарияланған ғылыми мақалада қазақ әйелдерінің шығу тегі Шығыс Еуразия тобына жақын екендігі айтылған. Болашақ бағдарламасының түлегі Айқын Асқапұлы аталған зерттеуге атсалысқан ғалымдардың бірі әрі мақаланың бірінші авторы. Қазір ол – АҚШ-тың Уисконсин университетінде (University of Wisconsin-Madison) PhD студенті. Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында зерттеудің ғылыми маңызы мен қазақ әйелдерінің шығу тегі турасында әңгімелеп берді. 

ЗЕРТТЕУГЕ 200 АДАМ ҚАТЫСТЫ

Зерттеушінің айтуынша, олар 200 адамның митохондриялық геномын (mitochondrial genome) Орталық Еуразияда жасайтын басқа ұлттардың митохондриялық геномымен салыстырып, олардың бір-бірімен байланысына талдау жасаған.

«Бұл ғылыми жұмыста пайдаланылған үлгілерді Назарбаев университетінің зерттеушілері 2014-жылы Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне жүргізген экспедиция барысында жинаған. «Өткен әжелеріміздің төркіні қайда?» деген сұраққа жауап іздеуді көздеген зерттеушілер тұрақты тарихи мекені саналатын Жетісу өңіріндегі екі жүз адамның генін тексерді. Экспедиция басталған жер Жетісу өңірі болғандықтан, алдымен сол жердегі популяцияларға генетикалық талдау жасалды. Олар Ұлы жүздің Албан, Жалайыр, Суан және Шапырашты қатарлы төрт руының өкілдері. Жамбыл және Түркістан өңіріндегі Дулат, Қоңырат сынды тағы басқа рулардан үлгі жиналған. Олардың генетикалық нәтижесі жақын болашақта баспа бетін көруі мүмкін», – дейді Айқын Асқапұлы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

БУРЯТ ХАЛҚЫМЕН ТУЫСТЫҚ БАЙЛАНЫС БАР

Белгілі болғандай, қазақ аналық тармақ тұрғысынан Қырғыз және Ұйғыр қатарлы түркі тектес ұлттармен туыс болумен қатар, Байкөл бойын мекендейтін бурят халқымен де тығыз туыстық байланыста болып шықты.

«Митохондриялық геном, митохондриялық ДНҚ (mtDNA) аналық жүлге арқылы тұқым қуалайды. Басқаша айтқанда, ол балаларға шешесінен келеді. Зерттеу нәтижесі бұрын өткен әжелеріміздің төркіні төрт тарапта, дегенмен Қазақпен тектес жұрттардан келгендері көбірек екенін аңғартып отыр. Зерттелген төрт рудың арасында айқын айырмашылық жоқ, тек кейбір аналық жүлгелердің (maternal lineages) жиілігінде парық бар. Бір қызық жайт, бұрын ДНҚ зерттеулері анықтаған Темір дәуірінде Алтайда жасаған Сақтардың аналық жүлгелерінің (HV, N1, J, T, U, K, W, I және X)  барлығы дерлік Қазақтарда бар», – деп түсіндірді Айқын Асқапұлы.

Сондай-ақ, ол Тибет үстіртінде жасайтын Шерпа ұлтының аналық жүлге жағынан түркі-моңғол тектес ұлттармен белгілі жақындығы бар екенін де атады.

«Шерпалар Тибетте, Непалда, және тағы басқа елдерде жасайды. Бұл ұлт өзінің шыңға шығудағы қайраттылығымен танылған. Жомолунгма шыңына (Mount Everest) тұңғыш шыққан екі кісінің бірі – Тензың Норғай шерпа болған», – дейді Айқын Асқапұлы.

ШЫҒЫСТАҒЫ ЖАПОНМЕН ДЕ ТУЫСПЫЗ

Оның айтуынша, батыстағы Венгерлердің аналық жүлгелерінің кейбір тармақтарын Орталық Еуразиядағы түркі-моңғол тектес жұрттармен байланыстыратын тұжырым бар. Дегенмен венгерлер аналық жүлгесі жағынан түркі тілдес ұлттарға қарағанда орыстарға жақын екендігі байқалған. Бір қызығы, Еділ бойындағы Татарлар аналық жүлгесі жағынан Памирдегі Тәжіктерге жақын болып шыққан.

Тағы бір айта кетерлігі, зерттеуде шығыстағы Жапондар мен Орталық Еуразиядағы түркі-моңғол тектес ұлттардың арасында да генетикалық байланыс бар екендігі анықталды. Бұрынғы зерттеулер Жапондар мен Тибеттердің арасында туыстық байланыс бар екендігін көрсеткен болатын.

«Қазақ ұлтының аналық жүлгесі қай жақтан келгенін зерттеу ұлттың шыққан тегін білу, яғни этногенез тұрғысынан маңызды. Зерттеу мұнымен аяқталмайды. Біз қазір Жетісу қазақтарының аталық жүлгесін де зерттеп жатырмыз. Нәтижесі жақын болашақта шығып қалады деген үміттеміз. Жоғарыда аталған ғылыми жаңалықтардан тыс, бұл мақаланың маңызы қазақ атауын ағылшынша «Kazak» деп түзетіп жаздық», – дейді зерттеуші Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Айта кетелік, мақаланың жарыққа шығуына Қазақстанның Назарбаев Университеті, Ұлттық Биотехнология Орталығы және Гумилев атындағы Еуразия Университетінің зерттеушілері еңбек еткен, сонымен бірге АҚШ, Жапония және Мексика қатарлы елдердің зерттеушілері де атсалысқан.