×

«Жаны ашитын бір министр жоқ»: депутат қарызға белшесінен батқан шаруалардың жанайқайын жеткізді

Азамат Әбділдаев жалған дерек беретін шенділерді жауапқа тартуды ұсынды

 Дәурен Ерболат 30.11.2022 | 15:17
коллаж: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Азамат Әбділдаев ауыл шаруашылығында қордаланған мәселерді көтеріп, премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттың айтуынша, президент ауыл шаруашылығын дамытып, ауылдарды өркендетуге тапсырма берген.

«Бұдан кейін құзырлы органдардың жұмысы барынша жанданып, тиімділігі артуға тиіс еді. Шын мәнінде жағдай бұлай болмай тұр. Осы залда біз 2 жылдан бері қаншама сауал жолдадық. Баяғы жартас – сол жартас. Үкімет шаруалардың жанайқайын әлі естімей келеді. Қағаз жүзінде бәрі «қатып» тұрғаны болмаса, айтарлықтай өзгерістерді қарапайым адамдар сезінген жоқ», – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Азамат Әбділдаев ветеринария саласында олқылық көп екенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің халық алдында қалай есеп беретініне қайран қаламыз. Мәселен ветеринария жұмысында былық пен кемшілік шаш етектен. Жарты жылдан астам уақыт осы салаға жауапты комитет төрағасы мен вице-министр тағайындалмады. Салдарынан 8 ай бойы егілетін вакцина қолға тимеді. Соншама уақытта жиналған екпені бір айда жаппай салуға болмайтынын оқымаған шаруа да біледі. Ақыры қаншама мал ауруға ұшырап, мемлекет қаржысына сатып алынған екпе қоқысқа төгілді. Экспортқа суытылған ет шығарамыз деген үміттен айырылдық. Бірақ министрлік міз бақпады», – деді ол.

Депутат былтыр Қазақстанның бірнеше өңірінде жем-шөп тапшылығынан жұт болғанын мысалға келтірді. Салдарынан олар несе алып қарызға батқан.

«Үкіметтен қажет көмек жетпеді. Министрлік болса, аш малдың жайын ескермей, егер төлді 75% болмаса, субсидия берілмейді және зоотехнорма 5%-дан аспауы керек деген бұйрық шығарды. Малшылардың бірі субсидиядан айырылса, екіншісі құжатты бұйрыққа сай келтіреміз деп істі болды. Арық малын сата алмаған ағайындар дер кезінде қарызын жаба алмай, айыппұл төлеп, кемінде 5 жылға дейін несие алу мүмкіндігінен айырылды», – деді Азамат Әбділдаев.

Биыл диқандар да дәл осындай қиындыққа тап болған.

Олар маңдай терін төгіп жиған астығын өткізе алмай отыр. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр 13 қазандағы жазбаша берген жауабында 10 500 вагон барын айтты. Экспорттаушылардың қажеттілігі шешілді деп сендірді. Өкінішке қарай, бұлай болмады. Енді олар желтоқсанға дейін кредитін өтей алмаса, 2023 жылы несие алудан қағылады. Бұған жаны ашып жатқан бір министр жоқ, – деді депутат.

Депутат жалған статистика беретін Үкіметтегі шенділерді жауапқа тартуды ұсынды.

«Сүт және сүт өндіру саласынан шу шықты. Еңбек адамдары сүтке берілетін субсидияны 2 есе төмендетуді сұраған министрдің бастамасына қарсы реніш білдірді. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 2021 жылы 219 млрд теңге бөлінсе, биыл субсиядия 420 млрд теңгеге көтерілді деді. Енді неге фермерлерге берілетін субсидия 2 есе көбеюдің орнына азаяды? Көп жағдайда Үкімет сырғытпа жауап беріп, үйреніп алған. Ел ішінде осы салаға 5 жылда 2 трлн теңге субсидия бөлінген деген ақпарат бар. Бірақ министрліктің әр жылға бөлінген субсидияы бойынша жазбаша ақпарат алған кезде 5 жылда ол 1 трлн теңгеге де жетпеді. Біз қашанға дейін жалған статистикамен өмір сүреміз? Мұндай статистиканы беретіндер жауапқа тартылмай ештеңе өзгермейді. Жалған статистикамен қалай мемлекеттік даму стратегиясын жасауға болады?», – деді Азамат Әбділдаев.

Оның пікірінше, саладағы жалған мәлімет азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Депутат премьер-министр Әлихан Смайыловқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын бақылауға алуды сұрады.

«Қазақстан ауыл шаруашылығы субсидиясын қысқартып, оны басқа салаларға бұруда. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігі барлық өңірде президенттің алдына қойған міндеттерді жүзеге асыру туралы есеп беруін, жұмыс тәртібін енгізуді, жұмыс істеп отырған шаруаларды қанай бермей, оларға жағдай жасап, айыппұл мен өсімпұл (пения) дегенді алып тастап, қара тізімді жойып, субсидияны дер кезінде төлеп, шаруаларға ұзақ мерзімге несие беруді сұраймыз», – деп түйіндеді сөзін депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама