Halyq Uni логотип
×

«Шалдың жүйесін өзгерту керек» деген депутат журналистерден сөзін бұрмаламауды сұрады

Еділ Жаңбыршиннің жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр

 Дәурен Ерболат 30.11.2022 | 14:16
«Шалдың жүйесін өзгерту керек» деген депутат журналистерден сөзін бұрмаламауды сұрады
Еділ Жаңбыршин, фото: Halyq Uni

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «шалға» теңеген Мәжіліс депутаты әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжіліс депутаты 2021 жылдың 1 желтоқсанында әлеуметтік желіде жазба қалдырып, ҚР тұңғыш президентінің еңбегіне зор бағасын берген. Алайда, арада бір жыл өткен соң пікірінен «айнып» қалған.

Әділ мемлекет құру үшін - шалдың жүйесін өзгерту керек! Әділ экономика құру үшін - қыз-күйеудің жүйесін бұзу керек! Әділ қоғам құру үшін - інісінің сектасын жоқ қылу керек! – деп жазды Еділ Жаңбыршин.

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан депутатқа журналистер «Бұл әрекетіңіз екіжүзділік емес пе? Бір жылда не өзгерді?» деген сұрақ қойды.

Еділ Жаңбыршин бір жылда көп дүние өзгергенін атап өтті.

«Мынаны түсіну керек. Былтырғы жазба Елбасының жеке басына қатысты, ал кеше жарияланған жазба – қалыптасқан жүйені өзгертуге қатысты. Сондықтан қазір үлкен саяси өзгерістер болып, Конституцияға өзгерістер енгізілді. Бұрынғы суперпрезиденттік жүйеден кетуіміз керек. Мықты президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет деген модель бар. Егер Екінші республиканы іске асырамыз десек, бұрынғы жүйеден кетуіміз шарт. Мәселе соған қатысты. Соңғы жазғаным – адамның жеке басына қатысты емес. Осы қалыптасқан жүйені өзгертіп, соған жұмыс істеуіміз керек дегенді білдіреді», – деп түсіндірді ол.

Депутат журналистерден әлеуметтік желідегі соңғы жазбасын дұрыс түсінуді, сөзін бұрмалауды сұрады.

«Мұнда екінші пост адамның жеке басына қатысты айтылмаған. Ол қалыптасқан мемлекеттегі жүйе туралы. Сондықтан контексттен сөзді жұлып алмай, дұрыс оқу керек. Әділ мемлекет құрамыз десек, шалдан қалған жүйені өзгертуіміз керек. Бұл елдің айтып жүрген әңгімесі», – деді Жаңбыршин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама