Ресей биліктің саясатымен келіспейтіндерге қатысты барынша қатқыл ұстаным ұстауы керек, - деді Елена Драпенко
Ресей Мемлекеттік думасы мәдениет комитеті төрағасының орынбасары, РФ-ның еңбек сіңірген әртісі Елена Драпеко соғыс жағдайында демократияны жиып қоюға шақырды. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
«Ресей билігі Украинадағы соғыспен келіспейтіндерге қатысты барынша қатқыл позиция ұстауы керек», – деп мәлімдеді өзінің ұлты украин Елена Драпеко YouTube-тағы «Эмпатия Манучи» арнасына берген сұхбатында.
Актрисаның айтуынша, «либералды отандастарға» YouTube-арнасы арқылы елдің позициясын жеткізу мүмкін емес.
Депутат мемлекет «либералдарға» тым бейтарап қарайды, олардың ойлағандарын айта берулеріне жол беріп қояды» деп есептейді.
«Біз олардың еркін ойларына кедергі келтіріп қаламыз ба деп қымсынып тұрамыз. Бізде осындай демократия, Ресейде осындай толеранттылық, мен бұған тұсау салу керек деп ойлаймын», – деді ол.
Драпеко сондай-ақ мәнерлеп сырғанаушы Катерина Гордееваның 8 наурызда берген сұхбатында Ресейдің соғыс ашқанын айыптағанына байланысты өзінің ойын білдірді. Депутаттың айтуынша, мұндай адамдарда «ең басты сезім – отаншылдық сезімі жоқ». Сондықтан олармен де қатаң сөйлесу керек.
Ол соғыс басталғаннан кейін шетелдерге кетіп қалған әртістерді де айыптады.
Көрермендер Елена Драпеконы «Ал мұнда таң деген тып-тыныш» («А зори здесь тихие») деген кинофильм арқылы жақсы біледі. Оның кейіпкері картинада батпаққа батып қаза табады. Актрисаның жоғарыда айтқан сөздеріне қарай Twitter әлеуметтік желісінде оқырмандар да өз пікірлерін білдіріп жатыр. Олардың арасында «Сонда өзі шындап батып кетуі керек еді», «Тегі мен ұлтынан безген сендейлерді құдай қарғайды» деген жазбалар да кездеседі.
Елена Драпеконың түпкі тегі, әкесінің ұлты – украин. Мұны фамилиясы да айқын көрсетіп тұр. Оның ата-бабасы Украинадағы Чернигов губерниясы Ново-Север уезінің Ображеевка селосында тұрған. Ал анасы – орыстың староверлер тұрқынан. XX ғасырдың басында Драпеко әулеті Башқұртстан жеріне көшеді.
Елена Драпеко 1948 жылы 29 қазанда Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында туған. Ол 1966-1968 жылдары Ленинградтың Н.К. Крупская атындағы мәдениет институтының халық театрлары режиссері факультетінде оқыған. Бірақ кейін, 1972 жылы Ленинград мемлекеттік театр, музыка және кинематография (ЛГИТМиК) институтын бітірген. Жоғарыда аталған фильм де осы жылы прокатқа шығарылды. Актриса бұдан басқа «Мәңгі шақыру» («Вечный зов») сериалына, «Әкесіз қыз», «Жусан – ащы шөп», «Жалғызбастыларға жатақхана беріледі» ленталарына түскен. 1980 жылы РСФСР-дың еңбек сіңірген әртісі атағын алды.