«Ит үреді...»: Жамбыл облысының экс-әкімі өзіне қатысты тараған ақпаратты жоққа шығарды

Халық үні

Мырзахметов 2018-2020 жылдары Жамбыл облысының әкімі болды

фото: Baq.kz

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов әлеуметтік желіде жазба жариялап, өзіне қатысты тараған ақпаратты жоққа шығарды.

«Ит үреді...» деген нақылды ескеріп, мен туралы айтылған, жазылған жалаларға көңіл бөлмей келдім. Бірақ қаралауды қара кәсіпке айналдырып алғандардың айтқандарына, жазғандарына, ақ-қарасын ажыратпай, қолдап, ауыр пікірлер жазатындар жоқ емес. Сол себептен, осы жазбаны жазуға тура келіп отыр. Жала жабқандарға жауап ретінде немесе ақталу үшін емес, оқитын, көретін, пікір жазатын желі қолданушыларға шындықты жеткізу керек болды», - деп жазды Асқар Мырзахметов.

Айтуынша, Нүркен Айнабеков есімді желі қолданушысы Мырзахметовке қатысты бірқатар жазба жариялаған.

«Асқар Мырзахметов пен парламент депутаты Берік Оспанов мені өлтірмекші. 2010 жылы отбасылық емхананы салуға тендерді ұтып алған компанияның не лицензиясы, не рұқсаты болмаған. Сондықтан мен қосалқы мердігер ретінде құрылыс жүргіздім. Оған 112 миллион теңге өз ақшамды салдым. Міндеттемені берді, бірақ ақшамды төлемеді. Одан айтыс-тартыс басталды. Тексеріп келгенде бұл ғимарат заңсыз салынған екен. Бұған мемлекеттен 180 миллион теңге бөлген. Маған 19 миллион теңге ғана төлеген. Мен ақшамды талап еттім және бұлардың жүз миллиард теңгедей ақша жымқырғанын әшкереледім. Іс қозғалды, 2015 жылы 23 адамға қатысты іс қозғалды. Сол кезде маған оқ атқызды», - дейді Нүркен Айнабеков.

Асқар Мырзахметов жазбасында Айнабековтің бұған дейін де жариялаған ақпараты шындыққа жанаспайтыны сот арқылы дәлелденгенін айтты.

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының 2021 жылдың 14 қаңтардағы нөмірі 5212-20-00-2/2359 іс шешімімен Н.Айнабеков Facebook парақшасында жарияланған ақпараттар шындыққа жанаспайды деп танылған. Жалған мәліметтерді өшіру Н.Айнабековке сот шешімімен міндеттелген, - деп жазды Мырзахметов.

Ал Шымкент қаласы Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2022 жылдың 28 қаңтардағы нөмірі 5213-22-00-3/1035 заңды күшіне енген қаулысында «Сотта Н.С.Айнабеков өзінің кінәсін мойындап, өкінетінін, ОҚО бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтің қадір-қасиетіне нұқсан келетін, ар-намысына тиетін, көрінеу мәліметтер жазып, көпшілік алдына жариялағанын растап, істеген іс-әрекеті үшін кешірім сұрады» деп көрсетілген.

«Айнабековтің арызына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті 2022 жылдың сәуірінен 2022 жылдың 21қарашасына дейін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің материалдарын қарап, арызданушы айтып, жазып жүрген мәселелерінің біреуі де дәлелін таппағаннан кейін, істі тоқтату жөнінде қаулы қабылдады. Істі тоқтату бойынша қаулыны Шымкент қаласы прокуратурасы бекітті. Жалпы бұл мәселелер бойынша құқық қорғау органдарының қарағанына 10жыл болды. Егер айтылғандар рас болса, әлде қашан тиісті шешімдер қабылданған болар еді», - деп жазды Асқар Мырзахметов.

Сондай-ақ «Алтынтөбе» ЖШС жеріне қатысты жазылып жатқан пікірлерге қатысты ойын айтты.

«Бекболат Қаржан есімді азаматтың «Алтынтөбе» ЖШС жеріне қатысты 2011 жылы Қазығұрт ауданы қаулыны дұрыс қабылдамағанын маған меңзеп жазғаны да қисынға келмейді. Себебі «Алтынтөбе» ЖШС 100% акциясы «Оңтүстік» әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорацияға Үкіметтің2007 жылғы қаулысымен берілген. Ал ауданның шешімі осы Үкіметтің қаулысын орындау мақсатында қабылданған. Мен жұмыс істеген кезде бір гектар жер түгілі бір шаршы метр жер қолды болған емес», - деді Мырзахметов.

Ол өзі туралы айтылған, жазылған «айыпқа» күмәнмен қараған азаматтарға алғыс айтты.

«Дәлелсіз жала жабуды тоқтату үшін, интернет, желілерді қолданушылардың жауапкершілігін қатаң қарайтын, тиісті тосқауыл қоятын заң талаптарын қабылдау қажет! Бұл еліміздің бірлігіне де, мәдениетіне де қатысты», - деп түйіндеді Мырзахметов.

Айта кетейік, Асқар Мырзахметов 2009-2015 жылдары қазіргі Түркістан облысының әкімі, 2018-2020 жылдары Жамбыл облысы әкімі болды. 2020 жылы Қордайда қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болғаннан кейін қызметінен босатылды. Сол уақыттан бері басқа қызметке тағайындалмады.