ҰҚШҰ – Ресейдің қысымымен ғана тұрған осал одақ
Армения премьер-министрі Никол Пашинянның Ереванда өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жиынында аталмыш одақ турасында айтқан тұжырымы соңғы күндері халықаралық деңгейде кең ауқымда талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Осы тұста Ресей БАҚ-тары «ҰҚШҰ-ның Украинада «арнайы әскери операция» жүргізіп жатқан Ресейге көмекке келуі мәселесі әлі күн тәртібінен алынып тасталмағанын» жарыса жаза бастады.
Енді ҰҚШҰ Ресейдің Украинадағы соғысына араласа ма? Қазақстан Арменияға жақтасып, Әзербайжанмен соғыса ма? Осыған орай ресейлік белгілі әскери сарапшы Павел Фельгенгауэр Әзербайжанның Oxu.Az порталының тілшісі Наир Әлиевтің сұрақтарына берген жауабында Армения мен Әзербайжанның арасында соғыс отының қайта тұтанып, Никол Пашинян Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдерді көмекке шақырса, оның белсенді мүшесі болып отырған Қазақстан Апшерон түбегіндегі мемлекетке қарсы соғыспайтынын атап өтті.
– Әрине, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы елдерде жалпы ондай мүмкіндіктің бар екені рас. Алайда нақты кімде мұндай мүмкіндік бар екенін көре алмай тұрмын. Дегенмен қазір де-факто Беларусь Ресейге өзінің территориясын пайдалануға бере отырып, қатысып та жатыр. Бірақ, айталық, Арменияның ахуалы қазір Украинадағы соғыс қимылдарына қатыса қалатындай емес. Тіпті ҰҚШҰ-ға кіретін Орталық Азия елдерінің де бұған қосылуының ешқандай мағынасы жоқ. Енді тұтас ұйым ретінде олардың бәрінің бұл соғысқа қатысуы – жалпы мүмкін емес нәрсе. ҰҚШҰ іс жүзінде ешқашан жұмыс істеген де жоқ. Бұл – Ресейдің бұрынғы бірнеше одақтас республикамен одағы ғана.
ҰҚШҰ-ның кез келген іс-шараларына, соның ішінде оқу-жаттығу жиындарына Ресей міндетті түрде қатысады. Ал қалғандары кейде қатысып, кейде қатыспай қалып жатады. Бұл ұйым Американың ықпалы көп болғанына (Ресейдің ҰҚКҰ-дағы жетекшілігі сияқты) қарамастан, өз бетінше тіршілік етіп келе жатқан НАТО-ға оншалықты ұқсай бермейді. Әйтпесе, айтыңызшы, Тәжікстан мен Беларусьтің қандай ортақ мүддесі болуы мүмкін? Қырғызстан мен Қазақстан Армения жағында Әзербайжанмен соғысуға бара ма? Әлбетте, бармайды. Оларды бұған ешқандай күш зорлап апара алмайды. Немесе қырғыздар мен тәжіктердің қақтығысына Арменияның қандай қатысы бар? Бұл да дәл сондай. Өздерінен қашық Орталық Азиядағы екі халықтың бір-бірімен қырқысына Ереван бас ауыртып жатпайды. Иә, керек десеңіз, ҰҚШҰ елдерінің тіпті бірге қарсы көтерілетін ортақ жаулары да жоқ. Бұлар бар болғаны Ресейдің әр қырынан келетін жай одақтастары ғана. Демек, оларды бір-бірлерімен біріктіріп тұрған ешқандай мотивизация жоқ. Олай болса, ҰҚШҰ – ешкімге ұқсамайтын өзіндік бір одақ.
Енді Украинаға қайта оралайық. Иә, Беларусь Ресей үшін өзінің территориясын беріп отыр. Бірақ қарулы күштерін беріп отырған жоқ. Иә, Ресей оларды пайдаланбайды да, себебі, оның армиясы өте кішкентай.
– Кейбір мәліметке қарасақ, Беларусь Қарулы күштерінде 45 мың адам бар…
– Жоқ, бұлай емес. Егер біз жауынгерлік сипатқа ие жаяу әскерлері туралы айтар болсақ, олардың саны шамамен 12 мың адамның төңірегінде. Оларды толық құрамды екі ауыр бригада мен 2 мың адамдық арнайы жасақ және десантты-штурмды бөлімшелер құрайды. Бұдан бөлек, кадрлар бригадасы ғана бар. Демек, мобилизация жасамай, олар жалпы ештеңе де істей алмайды.
Минскідегілер қазір Беларусьте мобилизацияны бастап, азаматтарға қару-жарақ таратып беруге ықыласты емес. Мұның биліктің өзіне қаншалықты қауіпті болып шығатынын әзір ешкім білмейді. Бірақ Беларусь Ресейге қарағанда мобилизация жасауға көбірек дайын тұр. Беларусь мұндай жағдай туа қалғандай болса, 300 мыңға жуық адам жинай алады. Алайда Лукашенко, байқап қарасақ, бұлай жасауға құлықты болып отырған жоқ.
Тағы мынаған назар аударыңыздар: Беларусьтің әскери бюджеті эстонның бюджетінен 3 еседей аз. Александр Лукашенко ешқашан өзінің қарулы күштеріне жеткілікті назар аударып көрген емес және ешкіммен соғысуды көздеп отырған жоқ. Бірақ ол барлық қаржыны Ішкі істер министрлігіне, мемлекеттік қауіпсіздікке төгіп келеді. Белаусьте ішкі істердің 6 бригадасы бар. Лукашенконың тақтағы орнын сақтап тұрған да солар.
– Онда ҰҚШҰ-ның болашағына қатысты сұрақ туындайды. Қазақстан президенті жақында кезектен тыс сайлау өткізілгеннен кейін елдің көп векторлы саясаты туралы сөз етіп қалды. Ал ҰҚШҰ секілді әскери-саяси одақта жүріп, мұндай саясатты жүргізу өте қиынға түседі. Армения жалпы ҰҚШҰ-ны «сатқындар жиынтығы» деп атайды. Олай болса, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының тарап кетуі ықтимал ма?
– Шынында ҰҚШҰ-ның тарауы – әбден мүмкін нәрсе. Украинамен қақтығыс Ресейді әлсіретіп жіберді, енді уақыт ұзаған сайын бұл тенденция күшейе береді. Ал РФ – ҰҚШҰ-ның басты діңгегі. Сондықтан бәрі онсыз да түсінікті: Ресей әлсірей берсе, формалды түрде-ақ тарап кетіп, жұмыс істеуін өзінен-өзі тоқтата салатын Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы да болмайды. Қазір оның тағдыры қыл үстінде тұр.