×

«Әлемде жоқ заң деп қорқудың қажеті жоқ»: Цифрлық кодекс туралы Рамазан Сәрпековпен сұқбат

Заң жобасының мәтіні 10 желтоқсанға дейін дайын болуы керек

 Ербол Тұрымбет 29.11.2022 | 16:10
Фото: Halyq Uni

Елімізде әлемде баламасы жоқ «Цифрлық кодекс» қабылданбақ. Әзірге Заңнама және құқықтық ақпарат институты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің тапсырысымен оның тұжырымдамасын жасап жатыр. Институт өкілдері бүгін IT саласы мамандарының алдында сол кодекс жобасын алғаш рет таныстырды. Жаңа кодекс қандай мәселелерді қамтиды, заңдарға қандай өзгеріс болады, жалпы осындай кодекс бізге керек пе деген сауалдарымызға аталған институт директоры Рамазан Сәрпеков жауап берді.

– Рамазан Құмарбекұлы, жаңа кодекс қандай қоғамдық қатынастарды реттейді?

 Біз жасап жатқан тұжырымдамада, біріншіден, қандай құжат болатыны, қандай бөліктерден тұратыны, қандай мәселелерді қамтитыны, қанша баптан құралатыны көрсетіледі. Екіншіден, елімізде қазір байланыс, цифрлық активтер, жеке деректерді сақтау бойынша он шақты ұлттық заңнама бар. Соның бәрі күшін жойып, осы кодекстің ішіне кіреді. Бұл шара қаншалықты тиімді екенін анықтау үшін екінші бағытта жұмыс істейміз.

Үшінші бағыт, соны кодекс қабылданатын болса, соған ілеспе заң жобалары болады. Қазір қолданыста жүрген 300-ге жуық ұлттық заң болса, жаңа кодекске енетін нормалар соның қайсына баруы керек екенін анықтаймыз.

Төртінші топтағы мәселе, салалық заңдардың ішінде әрбір мемлекеттік органның өзінің бұйрығы, ережесі, нұсқаулары бар. Солардың бәрін қайта қарауымыз керек. Оның ішінде тікелей Цифрлық даму министрлігінің өзіне қатыстылары бар. Одан бөлек, солармен байланыста жұмыс істейтін бірнеше мемлекеттік орган болады. Солардың шаруасын жүйелеп беруіміз керек.

Осы шараларды атқару барысында қаншалықты дұрыс бағытта келе жатқанымызды біліп отыру үшін IT саласының мамандарымен кездесіп, талқылап жатырмыз.

– Кодексті жасауда қанша заң жойылып, қаншасы өзгеруі мүмкін?

– Цифрлық кодекс бірнеше заңның күшін жойып, оларды бір заңға біріктіріп, ұлттық заң шығару. Бүгінде елімізде 10-11 кодекс бар десек, бұл солардың жалғасы болмақ. Қазіргі есебіміз бойынша, осы кодекс шыққан бойда 8-9 ұлттық заңнамамыз күшін жояды. Оның бәрі осы кодекстің ішіне кіреді. Осыдан келіп Кодекстің тиімділігі шығады. Яғни, он заңды қарап отырғаннан гөрі, оның бәрін бір заңның ішінен қараған әлдеқайда тиімді.

– Цифрлық кодекстің әлемде баламасы жоқ екен. Біз сонда әлемде жоқ құжатты қабылдайын деп жатырмыз ба?

– Заң түрлі атаумен аталады. Цифрлық мәселелерді реттейтін заңдардың өзінде түрлі атауы бар. Біреуінде заң, бірінде ереже деген сияқты. Мысалы, дүние жүзінде 220 мемлекет болса, соның ішінде 15 шақтысында Конституциясы жоқ. Олар өздерінің ұлттық заңдарын конституция ретінде қолданып өмір сүріп жатыр. Сол сияқты цифрлық кодекстің басқа жерлерде атауы басқа болуы мүмкін. Яғни, саланы реттеп отыратын заңдар бәрінде бар. Ал енді кодекс ретінде, яғни Цифрлық кодекс ретінде еш жерде жоқ. Мысалы, Қылмыстық кодекс дейміз. Әр мемлекет әр түрлі атайды. Бізге жаттанды, халықтың санасына сіңіп кеткендіктен дәстүрлі дүние ретінде қабылданады. Сондықтан әлемде жоқ нәрсені қабылдаймыз деп қорқудың қажеті жоқ. Ол тіпті, ертең Парламентке кодекс емес, «Цифрландыру туралы заң» дегендей басқалай атаумен де баруы мүмкін.

– Криптовалюта, майнерлерге қатысты мәселелер қарастырыла ма?

– Криптовалюта, биткоин деп жүйелеп жеке-жеке қарастырмаймыз. Ол кейінгі шаруа. Егер біздің жазып берген құжатымыз мақұлданып, министрлік негізгі тұжырымы дұрыс дейтін болса, оны ары қарай алып кету, одан соң осы мәселелерді соның ішіне кіргізу-кіргізбеу сол мемлекеттік органның құзырына жатады.

Біз әзір тек тұжырымдамасын жазып беріп жатырмыз. Әйтсе де блокчэйнді қарастырдық. Себебі блокчэйн жалпы мәселені қамтитын технологияның атауы.

– Қанша баптан тұрады?

– Қанша баптан тұратынын қазір айту қиын. Шамалағанның өзінде де 200-ден 300-ге дейін баруы мүмкін. Бірінші бөлім жалпы ережеден бастап, екінші бөлім қолданыстағы  атаулар, одан соң принциптер, активтер, дербес деректер болып кете береді. Оның бәрін топтап, 11 тараумен қарастырып отырмыз. Дегенмен, жұмыстың аяғына қарай өзгеруі де мүмкін. Ал жұмысымыздың нәтижесін тапсырыс беріп отырған мемлекеттік органға желтоқсанның 10-ы күні тапсыруымыз керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама