Алматыдағы Президент резиденциясы неліктен сүрілетіні айтылды

Қымбат Елтайқызы

Ғимаратты бұзу себептері аталды

фото: Президенттің Іс басқармасы

Президенттің Іс басқармасы қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде қираған және өртенген Президенттің Алматыдағы резиденциясын бұзу себептерін атады.

Қазір Қазақстанның көпсалалы қайта құру және даму институты (ҚазҚКДИ) сарапшыларының түпкілікті қорытындысы шыққанын хабарлаймыз. Олар резиденция ғимаратының «пайдалануға шектеулі жарамды» екенін анықтады, – дейді Президенттің Іс басқармасы.

Өрт және аса жоғары температура салдарынан барлық тіреуіш құрылым мен шатырдың негізгі металл элементтері зақымдалған. Ғимараттың сақталған фрагменттерінде ыс иісін толығымен жою мүмкін емес.

«Сонымен қатар бүгінгі таңда объектінің құрылымдық элементтерінің бір бөлігі қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келмейді», – делінген ақпаратта.

Ғимараттың негізгі конструкцияларын қалпына келтіру және оны сейсмикалық күшейту аса көп капиталды талап етеді.

Сарапшылар пікірінше, резиденция ғимаратын қайта жабдықтап, оны пайдалану қауіпсіз емес, – дейді ведомство.

Бұған дейін Тоқаевтың шешімімен Алматыдағы Президент резиденциясы сүріліп, оның орнына саябақ салынатыны белгілі болды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.