×

«Шыңжаң халқы Орталық Азияға ағылуы мүмкін». Қытайдағы наразылық Қазақстанға қалай әсер етеді?

Бейресми мәліметте 40-қа жуық адамның қайтыс болғаны айтылған

 Ая Өміртай 29.11.2022 | 15:16
Фото: reuters

Өткен аптада Шыңжаң-Ұйғыр астанасы Үрімжіде өрт болып, 10 адам қаза тапқан болатын. Осыдан соң мыңдаған адам көшеге шығып, наразылық Қытайдың ірі қалаларында жалғасты.

Қытай полициясы жаппай шеруге қатысушыларды ұстап жатыр. Наразылық акциялары дүйсенбіге қараған түні Қытай астанасы Бейжіңде, ең ірі қаласы Шанхайда, сондай-ақ Нанкин, Чэнду, Ухань сынды өзге қалаларында жалғасты.

РЕСЕЙ СЕКЕМДЕНУІ МҮМКІН

Қытайтанушы Елдес Орда Үрімжі мен Шанхайдағы наразылықтардың Қазақстанның сыртқы саясатына әсер ететін орталықтар деп санайды.

«Халық толқулары барған сайын үдей түскенін ескере отырып мына екі стратегиялық өңірді айрықша атап өткен жөн. Біріншісі – Қытайдың Орталық Азияға тікелей шығатын экономикалық, мәдени орталығы Үрімжі, екіншісі – Қытайдың теңіз белдеуі арқылы Тынық Мұхит аймағына ықпалын жүргізетін қақпа – Шанхай. Әрине, халық толқулары әр өңірлерде түрлі форматта жалғасып жатыр. Аталған екі өңір Қазақстанның сыртқы саясатына әсерін тигізетінін орталық екенін білгеніміз дұрыс. Үрімжідегі халық толқулары Бейжің мен Мәскеудің аймаққа байланысты ішкі-сыртқы саясатына ықпал жасайды. Мәскеу ШҰАР-дағы толқудың Орталық Азияға әсерін өзінше тұспалдайды және өзінше бағалайды», – дейді сарапшы.

Осы ретте Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне қарата саяси, әскери және экономикалық басымдықты күшейте түсетінін айтқан сарапшы оның себептерін былай тарқатады:

«ШҰАР-дағы толқулар экономикалық мүддеге әсерін тигізеді. Аймақ қауіпсіздігі тұрғысынан, халық толқулары ресми Бейжіңнің аймаққа байланысты қарулы қорғанысын арттырады. Ресей бұдан секемденуі мүмкін. Көші-қон мәселелері туралы айтар болсақ, аймақтағы қазақ, қырғыз және ұйғырлар Орталық Азия елдеріне ағылуы мүмкін. Ал Ресей Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымын пайдалана отырып, мәскеулік мүддені одан сайын саясатқа айналдыра түседі», – деп топшылайды Елдес Орда.

«ШЫҢЖАҢ МӘСЕЛЕСІ» ЖАҢА САЯСИ КӨЗҚАРАС ҚАЛЫПТАСТЫРЫП ЖАТЫР

Баспасөз беттерінде хабарланғандай, шеруге шығушылардың басым көпшілігі ұзақ карантин мен қатаңдатылған локдаунға қарсылық білдіріп отыр. Кей наразылық білдірушілер президент Си Цзиньпиннің отставкаға кетуін сұрап, саяси талаптарды алға тарта бастады. Сарапшы съезге дейін және кейін де карантин шектеулері Қытайдың әр өңірлерінде жүргізіліп жатқанын айтады.

«Сол арқылы билік партиясы орталық үкіметке балама күш саналатын өңірлерді өзінше құрсаулап есеп айырысты. Сондай-ақ, ресми биліктің соңғы кезде жүргізген ішкі әлеуметтік, экономикалық реформалары ағаттық жасауға себеп болды. Бұрын балама сыни пікірлер мен ынтымақтас партия топтардың оппозициялық көзқарастары белгілі деңгейде ескерілетін еді. Яғни ішкі саясатта реформалық концепцияларға басымдық беретін. Соңғы уақытта мұндай жағдайға шектеу орнады, өткір сыншылдар цензураға тап болып отыр», – дейді Елдес Орда.

Сарапшының айтуынша, Қытайда әлеуметтік наразылық бұғаттауларға қарамастан TikTok желісі арқылы ақпарат жылдам таралып жатыр.

«Бұрын этникалық қақтығыстармен аты шыққан Үрімжіде қазір халық толқуларының жаңа форматы пайда болды. Карантин шектеулері кезінде ШҰАР-да орын алған әлеуметтік, экономикалық түйіткілдермен бірге табиғи апаттың орнауы қатардағы қытай азаматтарына, зиялы қауым өкілдеріне және қоғам белсенділеріне ерекше ой салды. Ішкі қытайда «Шынжаң мәселесі» жаңа саяси көзқарастарды қалыптастырып жатыр», – дейді ол. 

Белгілі болғандай, ел астанасындағы Цинхуа университетінде өткен осындай шерулердің біріне жүздеген адам қатысты. Демонстранттар бос парақтарды көтеріп, бостандық пен демократияны қолдайтын ұрандар айтқан.

Наразылық акциясының бейнежазбаларын тексеру қиын, бірақ олардың көпшілігінде наразылық білдірушілер үкімет пен Си Цзиньпинді ашық сынап жатқанын көрсетеді.

НАРАЗЫЛЫҚ БАСТАУЫ – ҮРІМЖІ

Қытайдағы коронавирусқа қарсы толқулар жұма күні Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Үрімжі қаласында басталды. Биыл тамыз айында қала толықтай жабылған.

Көпқабатты үйлердің бірінде өрт шығып, салдарынан 10 адам қаза тапқаны жарияланды. Әйткенмен TikTok желісінде 40-қа жуық адам қайтыс болды деген видео жазбалар тарады. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаның ақаулы электр сымынан және ковид шектеулерінен болуы мүмкін емес деп жазды. Жұма күні кешке жауапты шенеуніктер мұны жоққа шығарып, өрт сөндіруге үй сыртында тұрған көліктердің кедергі болғанын атады.

Тұрғындар мен билік өкілдерінің қақтығысынан соң, сейсенбіден бастап төрт миллион тұрғыны бар провинция тұрғындарына бірқатар жеңілдіктерге рұқсат етіле бастады. Яғн, жергілікті аймақта автобуспен жүруге рұқсат етіледі әрі кейбір кәсіпорындар жартылай жұмыс істеуге өтініш бере алады. Сонымен бірге қоғамдық қалалық және әуе транспорттары тұрақты жұмысқа оралмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама