×

НАТО-ның бас хатшысы Ресей жеңілгенше келіссөз болмайтынын айтты

Батыс Путинді тізерлетеді, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 29.11.2022 | 13:54
фото: focus.ua

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресей соғыста жеңіліс тапқанға дейін онымен ешқандай келіссөз болмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.

Егер Украина соғыста Ресейді жеңбей тұрып, онымен келіссөз жүргізетін болса, әлемде берік бейбітшілік орнамайды. Сондықтан Киевке қолдау көрсетуді одан әрі жалғастыра беруіміз қажет. Себебі Мәскеу соғысты Киевпен тең жағдайда аяқтап, келіссөз жүргізетін болса, ол біраз уақыттан кейін күш жинап алып, айналасындағы елдерге, соның ішінде Украинаға көз алартып, басқыншылық әрекеттерін қайта жалғастырып кетеді, – деді Йенс Столтенберг.

Оның айтуынша, Путинге мұндай мүмкіндік қалдырмаудың нақты жолы – Ресейді осы жолы қайтадан бас көтере алмайтындай етіп талқандап жеңу.

«Соғыстардың көпшілігі келіссөздермен аяқталып жатады. Бірақ келіссөз үстелі үстінде сөз болатынның бәрі ұрыс даласындағы ахуалдың қорытындысына байланысты болады. Сондықтан бұл соғысты бейбіт шешудің мүмкіндігін арттырудың үздік тәсілі – Украинаға қолдау көрсету», – деді ол одан әрі.

Столтенбергтің айтуынша, НАТО Украинаға қанша қажеттілік болса, сонша көмек көрсететін болады. «Біз шегінбейміз», – деп ескертті ол.

Солтүстік альянстың басшысы Украинаның азаматтық инфрақұрылымдарын ракетамен соққылау толқындары «Путиннің сәтсіздікке ұшырап жатқанын», сондықтан бұған «барынша қатыгездікпен жауап беріп отырғанын» көрсететінін мәлімдеді.

Ресей украиндарды жылусыз, жарықсыз және тамақсыз қалдырмақ. Бұл Украина үшін сұмдық қыстың басталғанын көрсетеді. Ол Еуропа мен барлық әлем үшін де қиын кез болады, – деді Столтенберг.

Оның айтуынша, Батыс Путинді тізерлетеді.

«Біз Путин мен басқа да авторитарлы лидерлерді ауыздықтай білсек, әлем қауіпсіз болады», – деді Столтенберг.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама