«Әкім сөзінде тұрмады»: Байзақтағы жарылыста қаза тапқан өрт сөндірушінің әкесі аудан әкімдігіне өкпелі

Ұлдана Жұбай

Жарылыс кезінде қаза тапқан Әділет Әділбекке арналған саябақ 2022 жылдың тамызында ашылды

коллаж Halyq Uni

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыста қайтыс болған өрт сөндіруші Әділет Әділбектің әкесі жергілікті билік өкілдеріне өкпелі.

Әскери қоймада болған жарылыс кезінде жалғыз ұлынан айырылған ер адам әкімнің саябақ салғызып, әлі күнге дейін ақшасын бермей жүргенін айтады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ер адамның айтуынша, жергілікті билік ұлының атына ескерткіш орнатып, саябақ салуға рұқсат берген. Қаражатты әкімдік көтеретінін, алайда бастапқыда өз қаражатын жұмсауы қажет екенін айтқан. Соңында марқұм Әділеттің әкесі мердігерге 13 миллион теңге қарыз болып қалған.

ҰЛЫМА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТУ – ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛАУЫ

Әділет Әділбек қоймада өрт шыққан кезде алғашқылардың бірі болып барған. Оқиға орнында қайтыс болған. Ердің есімін ескерусіз қалдырғысы келмеген Құмжота ауылының халқы ескерткіш ашуды сұрап, шенеуніктерге қайырылады. Ауыл әкімдігі әзірге өз қаражатына істеуі қажет екенін айтып, кейін төлеп береміз деп уәде берген.

«Ұлыма ескерткіш орнату – халықтың қалауы. Кейінен осындай игі істі бастау үшін ауыл ақсақалдары жиналып, әкімге кірдік. Ол келісті. Ақша аудан тарапынан бөлінеді, қалған ақша жергілікті әкімшілік бюджетінен қарастырылады деген уәде болды. Содан біз құрылысына кірісіп кеттік. Су жүргіздім, тоқ жүргіздім, жарық шамдарын қойдырдым», - дейді марқұм Әділет Әділбектің әкесі Қанатбек Бұзаубақов.

Ауыл әкімінің уәдесіне сеніп, саябақ салуды 2022 жылдың сәуірінде бастаған. Жұмыс тамызда толық аяқталған.

Жарылыстың болғанына жыл толған кезде ескерткіш ашылды. Әкесі 10 соттық аумақтағы кешенге ұлының өлімі үшін мемлекеттен берілген 15 миллион теңге өтемақының жартысын жұмсағанын айтады.

Жергілікті билік тек халық қаһарманы ғана болмаса, саябақты біреудің атына ашып бере алмайды. Біз тек абаттандыру жұмыстарына ғана ақша берейін деп тұрмыз. Енді бір көзден береміз бе, оны біз заң аясында шешеміз, - деді Бұрыл ауылдық округінің әкімі Ерлан Әшірбаев. 

Әкімдік әзірге ауыл бюджетінде 5 миллион теңге жатқанын, ал ауданнан 8 миллион теңге мәслихат қарауынан кейін аударылуы мүмкін екенін айтты.

Ал мемориалдық кешенді тұрғызған мердігер қарызды жыл соңына дейін қайтаруды сұрап отыр.

Айта кетейік, 2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, жарылыс болды. Салдарынан 17 адам қаза тапты, бір адам хабар-ошарсыз кетті. Сол уақыттан бері  кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев әлі табылмады. 

Отбасы Байзақ ауданының Базарбай ауылында тұрады. Бауыржан Дәуітбаев пен Ділнәз Данаеваның бес баласы бар. Күйеуі хабар-ошарсыз кеткенде Ділназ Данаева бесінші баласына жүкті болған. Ырымдап атын Аманкелді қойған.

«Қай жерде екенін айта алады деген адамның бәріне бардық. Алматыға да барып келдік. Іздемеңдер, таппайсыңдар деп, өзі келетінін айтады. Бірақ өзі келеді деп қол қусырып отыра бермейміз ғой. Соңғы рет Жасөркен (Жамбыл ауданы – Halyq Uni) деген ауылда жүр екен деген сыбыс шықты. Қазір қай тауға барып іздесек болады екен деп отырмыз», - дейді Ділнәз Данаева.

Әйел жақсылықтан үміт үзбейтінін айтады.