×

Жасөспірімдер арасындағы жүктілік: Жамбылда 249 оқушы мен колледж студенті тіркеуге алынған

Облыстың білім басқармасы 249 жүкті қыздың екеуі ғана мектеп оқушысы екенін айтады

 Ұлдана Жұбай 28.11.2022 | 16:36
Коллаж Halyq Uni

Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы жүктілік жиілеген. 2021 жылы 244 жасөспірім жүктілік бойынша тіркеуге алынған. Ал биыл он ай ішінде бұл көрсеткіш 249 адамға жетті.

Мамандар кейінгі жылдары кәмелет жасына толмаған қыздардың жүкті болып, жасанды түсік жасатуы мен ерте ана атануы жиілегенін айтып дабыл қақты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары ерте жүктілік және жүктілікті тоқтату жасөспірімнің денсаулығына кері әсер ететінін айтады.

«БҰЛ СТАТИСТИКАҒА МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ КІНӘЛІ»

Жамбыл облысының білім басқармасы мамандары жасөспірімдер арасындағы жүктілік дерегін жинақтау дұрыс жүргізілмейтінін айтады. Олар бұған денсаулық сақтау басқармасы жауапты екенін айтты.

Олардың сөзінше, медицина мамандары жасына қарап жалпылама статистика ұсынады. Алайда олардың арасында отбасы құрғаны да бар.

«Денсаулық сақтау басқармасының мамандары бізге тек ерте жастан жүкті болып, емханаға тіркелгендер бойынша статистика береді. Яғни, олар дұрыс талдау жасамайды. Мектеп бітіре салып, тұрмысқа шығатын қыздар бар. 11-сыныпты бітіріп, кәмелет жасына толмаса да тұрмысқа шығатын қыз көп. Егер жасөспірім 18 жасқа толмай отбасы құрған болса, біз мұны неге жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік деп санауымыз керек?», - дейді Жамбыл облысы білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева.

Сондай-ақ Гүлзира Дәрібаева ерте жүкті болған 249 жасөспірімнің екеуі мектеп оқушысы екенін айтты. Сол себепті денсаулық сақтау саласының мамандарына статистиканы жалпылама жүргізбеуді ұсынды.

«Біз өз тарапымыздан кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасында барлық түсіндірме жұмысты жүргіземіз. Алайда 2021 және 2022 жылы статистиканың жоғары болуы медицина мамандарының қате талдау жүргізуінен болып отыр. Жалпылама статистика өңірдегі мектептердің абыройын түсіреді. Бұл мәселе бойынша министрлікке хат жолдадық», - дейді Гүлзира Дәрібаева.

Басқарманың хабарлауынша, тізімдегі 249 жүкті жасөспірімнің 148-і кәмелет жасына толған, ал 109 қыз тұрмыс құрған. 

ҚЫЗДАР ЖЕКЕ ЕМХАНАДА ТҮСІК ЖАСАТАДЫ

Денсаулық сақтау мамандары тұрмыс құрмай, жүкті болған қыздардың тұрмысы төмен отбасыдан шыққанын айтады. Мамандардың айтуынша, олар ерте жүктіліктің бала және ана денсаулығына кері әсерін тигізетінін ескермейді.

«Жамбыл облысында ерте жүктілік деңгейінің жоғары екені рас. Біз 2022 жылдың он айында 249 қыз ерте жүкті болғаны туралы ресми мәлімет беріп отырмыз. Бұл көрсеткіш ерте жүкті болған жасөспірім мемлекеттік емханаға тіркелгеннен кейін анықталады», - дейді басқарманың ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Ақерке Тоқбергенова.

Маманның айтуынша, 18 жасқа толмай жүкті болғандардың басым бөлігі жекеменшік емханаға барып, түсік жасатады.

«Көп қыз жүкті болған кезде жекеменшік емханаға барады. Сол жақта түсік жасатып, өз өміріне қауіп төндіреді. Былтыр түсік жасату бойынша 8 жағдай тіркелген. Бірақ қыздардың көбі құрсақтағы баласын жекеменшік емханаларда алдырып тастайтындықтан, мұны нақты сан деп айту қиын», - дейді Ақерке Тоқбергенова.

Басқарма өңірде ерте жүкті болған 250-ге жуық жасөспірімнің 17 жасқа толмағанын, олардың мектеп оқушылары және колледж студенттері екенін айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама