Halyq Uni логотип
×

Бұрынғы кландарды байлықтың «қара қазанынан» айыратын уақыт келді - Жаңбыршин

Президент ұлықтау аяқталғасын «ескі гвардиямен» амандаспай, құшақтаспай, селфи жасамай, залдан қарапайым түрде шығып кетті

 Еркеғали Болатұлы 27.11.2022 | 17:54
Бұрынғы кландарды байлықтың «қара қазанынан» айыратын уақыт келді - Жаңбыршин
фото: h-news.kz

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин өзінің Facebook-тегі парақшасында кеше президенттің ұлықтау рәсіміне қатысқанын жазып, онда байқалған бес ерекшелікке тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл жолғы рәсім бұрынғылардан өзгеше өткен.

«Бірінші, помпезность аздау болды. Екінші, Қ. Тоқаев жиналған халықты шулатып зал ортасынан емес, қарапайым түрде қапталдағы есіктен кірді. Үшінші, мойнына жылтырақ таққан жоқ. Төртінші, баяндамасы қысқа және нақты болды. Бесінші, ең бастысы, ұлықтау аяқталғасын «ескі гвардиямен» амандаспай, құшақтаспай, селфи жасамай, «Ал, енді жұмыс істейік!» дегендей ишара білдіріп, залдан қарапайым түрде шығып кетті», - дейді депутат.

Сондай-ақ ол ұлықтау рәсімінде Астанада күннің сақылдаған сары аяз болуын да өзінше пайымдады. Айтуынша, ол Құдайдың «Ей, қазақ халқы! Ойын-сауықты азайтып, ыржың-тыржыңды тоқтатып, байлықты тонауды қойып, жетім-жесірді қорғайтын, еліңді дамытатын, мемлекетіңді аяғынан тұрғызатын уақыт келді! Болмаса, мына аяздай қаһарымды сендерге жіберемін!» деген ескертуі сыңайлы екен.

Уа, ағайын! Өтірікті қойып, жебірлер мен жемқорларды тыйып, бұрынғы кландарды байлықтың «қара қазанынан» айырып, мемлекет басшысымен бірлесіп, ақиқатты айтып, Отан үшін жұмыс істейтін уақыт келді. Бізде басқа жол қалған жоқ! - деп түйіндеді жазбасын Еділ Жаңбыршин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама