Тасмағамбетовтің тағайындалуы туралы: Сенімді комсомол, ұстамды саясаткер, ескі кадр

Ая Өміртай

Сарапшы Тасмағамбетовті компромистік фигура санайды

Коллаж: Halyq Uni

Үш жыл бұрын зейнет жасына толуына байланысты қызметінен босатылған Иманғали Тасмағамбетовтің ҰҚШҰ бас хатшысы болып тағайындалуы күтпеген жаңалық болды. Сарапшылар саясаткердің қайта қызметке оралуын Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға лайық кандидат санайды.

КОМСОМОЛДЫ ҰМЫТҚАН ЕМЕС

Halyq Uni тілшісі сұқбаттасқан сарапшылар Тасмағамбетовтің тағайындалуын «дұрыс шешім» көреді. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Ресей тарапының Тасмағамбетовке құрметпен қарайтынын әрі ұзақ жыл елші болғандықтан тіл табысуға болады деп түсінетінін айтады.

«Тасмағамбетов – өте тәжірибелі саясаткер. Қазақстанның премьері, қорғаныс министрі болып қызмет етті. Осы себептен де ол қауіпсіздік алаңын жақсы біледі. Бұл – бір. Екіншіден, Ресей оған үлкен құрметпен қарайды. Себебі Путин Тасмағамбетовті жиырма жылдан бері таниды. Иманғали Тасмағамбетов премьер болып тұрған тұста Путинмен бірнеше рет кездесті. Сонымен бірге, аздаған саяси мәселе бар. Тасмағамбетов латын графикасына көшуге күмәнмен қарайды және комсомолды ұмытқан емес. 2018 жылы комсомолдың 100 жылдығы тойланғанда Тасмағамбетов Мәскеуден Алматыға келіп, тойға қатысқаны бар. Әзірге КамАЗ директорлар кеңесінде отыр. Елші ретінде Мәскеуде жұмыс істеді. Путиннің оған жақсы қарайтыны түсінікті. Онымен диалог құруға болады деген ойда. Тасмағамбетов – сөзсіз ұлтшыл, тіл жанашыры, Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғайды әрі жақсы біледі. Компромистік фигура. Тағы бір айтарым, саяси салмағы мен тәжірибесі, дипломатиялық дағдылары бар, лайықты кандидатура», – деді Әбішев Halyq Uni тілшісіне.

Әбішевтің ойынша, зейнетке шыққан Тасмағамбетов билікке қайта оралу, оралмауы белгісіз. Саясаттанушы Тасмағамбетовтің бас хатшылыққа тағайындалуы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың 78 жасында президент позициясынан кетуін былай деп салыстырады:

Билікке оралғысы келсе, кім ретінде келуі мүмкін? Беймәлім. Келесі президент сайлауы 2029 жылы болады. Ол кезде Тасмағамбетовтің жасы 73-ке келеді. Мерзімі 2036 жылы аяқталады десек, 80 жасқа кеп қалады. Мәселен, Назарбаев 78 жасында президент позициясынан кетті. Ал Тасмағамбетовтің президенттіктен басқа орындарға баруы екіталай, – деді Ғазиз Әбішев.

ТОҚАЕВТЫҢ ҚАСЫНДА САЛМАҚТЫЛАРДАН ЕШКІМ ЖОҚ

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Тасмағамбетовтің бас хатшы болып тағайындалуын «Қазақстанға ұстамды әрі Ресейдің саяси элитасын жақсы білетін адам қажеттігенен» деп пайымдайды.

«Қазақстанға ұстамды әрі Ресейдің саяси элитасын жақсы білетін адам қажет. Жан-жақты хабардар бір адам болса, ол Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған – Иманғали Тасмағамбетов. Ол елші болып тұрған тұста Ресей мен Қазақстан арасында қандай да бір жанжал, даулы мәселелер туындаған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Тасмағамбетов шешімдердің қалай қабылданатын жақсы түсінеді, ең бастысы ұстамды», – дейді ол.

Оның ойынша, Қазақстан НАТО ұйымына мүше бола алмайды, мұны Ресей территориялық тұтастық тұрғысынан қауіп ретінде қабылдайды. Мұндай жауапты кезеңде Ресеймен жанжал болмас үшін Қазақстан ҰҚШҰ-ға қатысты қарым-қатынасын жаңадан айқындау қажет.

«Өйткені Путин НАТО-ны бәсекелес ретінде әрі қандай да бір өзіне қатер төндіретін дұшпандық ұйым ретінде көреді. Егер Ресей әлемдегі көшбасшы статусына, яки шешім қабылдауда салмағы бар ел болуға ұмтылар болса, әрине, Ресей өзінің әскери ұйымын құруға тырысады. Соның ішінде – Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы. Ресеймен шекаралас жатқан әрі қандай да бір дау-жанжалға барғысы келмейтін Қазақстанның ҰҚШҰ мүшесі болуы түсінікті. Қазақстанның бұл ұйымнан шығуына күмәнмен қараймын», – дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Саясаттанушы Тасмағамбетовтің ескі кадр өкілі болғанымен топ ішінде жүргенде қандай да бір келеңсіз әрекеттермен көзге түспегенін алға тартады. Үмбетәлиеваның ойынша, лауазымды қызметтер атқарған саясаткер үшін 63 жаста саяси алаңнан кету тым ерте.

Назарбаевтың командасында болған кезде топ ішіндегі жанжалға қарамастан, Тасмағамбетов осы топтың ішінде қалып, келеңсіз істерге барған жоқ. Мүмкін, Тоқаевқа да осындай адам керек. Кімге сенуге болады? Бүгінгі таңда Тоқаевтың қасында салмақтылардан ешкім жоқ. Тоқаевтың тұрғысынан алсақ, бұл – құптарлық позиция. Кәсіби тұрғыда ҰҚШҰ-ға қатысты Қазақстан мен Ресей арасында қандай жағдай болмасын Тасмағамбетов ұстамдылығымен Тоқаевқа мәселе тудырмасы анық. Ал билікке оралуы туралы айтсақ, көптеген маңызды қызметтерді атқарған саясаткер үшін 63 жаста биліктен кету ерте болар еді. Тоқаевтың Тасмағамбетовті шақыруы, оны қабыл алуы Тасмағамбетов үшін жақсы мүмкіндік. Елдің алдында жүріп, кенет тасада қалу – ауыр жағдай, оның масштабы емес, – деп түсіндірді ол Halyq Uni тілшісіне.

Иманғали Тасмағамбетов – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы көмекшілерінің бірі. 2019 жылы ол Тоқаевтың жарлығымен зейнет жасына толуына байланысты қызметінен босатылған.

Тасмағамбетов 1993 жылдан 1995 жылдар аралығында президент көмекшісі, 1998-1999 жылдары президенттің бірінші көмекшісі болды.

Саяси мансабында білім және ғылым министрі, қорғаныс министрі, президент әкімшілігінің жетекшісі, мемлекеттік хатшы, үш рет әкім және төрт рет премьер-министр орынбасары және премьер-министр қызметін атқарды. Соңғы қызметі – Қазақстанның Ресей федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі.

Оппозиция өкілдері Тасмағамбетовтің кезінде бірқатар саяси тұлғалар ұсталып, сайлауда заңсыздықтарға жол берді деп айыптайды.