×

«Жалғыздық жанымды қысты». 52 жасында тұңғышын босанған атыраулық әйелмен сұқбат

Айгүл Бисенбаева неліктен ЭКО туралы бәрін ашық айтатынын түсіндірді

 Айнұр Асылбекқызы 03.03.2022 | 16:00
фото: Айгүл Бисенбаеваның жеке архивінен

Атырау облысында 52 жасында тұңғышын босанған Айгүл Бисенбаева жақында сәбиін қырқынан шығарды. Ол еліміздегі экстракорпоральды ұрықтандыру тарихында (жасанды жолмен ұрықтандыру) алғашқы болып өзі жайында ашық ақпарат берді. Әдетте бұл құпия мәліметке жатады. Алайда, Айгүл біздің сауалымызға мұның себебі неде екенін түсіндіріп берді.    

Еске салайық, 2021 жылдан бастап Қазақстанда баласы жоқ отбасыларды қолдау үшін арнайы бағдарлама қабылданды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы жолдауында Үкіметке «2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» атты арнайы бағдарлама бастауды және жасанды жолмен бала көтеру бағдарламасындағы квота санын жеті мыңға (бір жылдық – авт.) дейін көбейтуді тапсырды. Бірақ Айгүл Бисенбаева бұл бағдарлама аясында емес, барлық шығынды өзі көтергенін айтты. 

19 қаңтарда дүние есігін ашқан ұлының есімін ол жолдасы Ибрагим Шаукиров екеуі Нұргелді деп қойды. Бұл - Айгүлдің алғашқы некесі. Ал жолдасы бұрын үйленген, екі қызы бар. Олар бүгінде өз алдына дербес үйлі болып, аяққа тұрған. Бір ұлы төбелес кезінде қайтыс болған. Әйелі де бірнеше жыл бұрын көз жұмған. Балаларының бәрі бүгінде ер жетіп, жолдасы Айгүлмен Жылыой ауданы Теңіз кен орнында аспаз болып жұмыс істеп жүргенде танысқан.

Екеуі былтыр бас қосып, отау құрып, Атыраудағы ЭКО орталығының көмегіне жүгінген. Ол алғашқы талпынысынан-ақ құрсақ көтерген. Орталықтың акушер-гинекологтары да мұндай жағдай сирек кездесетінін айтқан.

Айгүл Бисенбаева баланы өмірге алып келуге ниет жасаған қыз-келіншектерге тым ұзақ жүріп алмауға кеңес береді.

Айгүлге қайта оралсақ, оның 52 жасқа дейін тұрмысқа шықпауына әсер еткен өзіндік себептері бар. Ол отбасын құрып, бала сүю туралы шындап 2020 жылы ойлана бастаған.

- Үйде екі бала болдық – егіз қыз. Мақат ауданы Доссор поселкесінде тұрдық. Сыңарым ертерек қайтты. Әкем мен 10-сыныпта жүргенде бізді тастап кетті. Оған ұл керек болған шығар. Әрине, ол кезде мен оны әрине түсінбедім. Кейін түсіндім ғой. Оның өз отбасы бар. Ұл-қыздары бар. Сөйтіп мен шешеммен жалғыз қалдым. Қасында болдым. Тұрмысқа шығып, жалғыз өзін тастап кете алмадым. Сол үйдің отағасы болатын адам таба алмадым. Қайдай ер адам оған көнсін. Сөйтіп жүргенде анам 2017 жылы қан қысымынан қайтыс болды. Содан бері жалғыз қалдым. 2020 жылы жалғыздық кәдімгідей жанымды қысты. Сәби сүйгім келді. Ол үшін әуелі жақсы адам керек. Сондай адамды қарастырып жүрдім. Интернеттен іздестіріп көрдім. Құдайға шүкір, бір-бірімізді таптық. Жолдасым 63-те, бес уақыт намаз оқиды. Құдайға қараған адам.

- Сізде бала көтере алмай қаламын деген қорқыныш, үрей болған шығар…

- Иә, мен тіпті ол туралы 40 жасымда уайымдай бастадым. Сонда тату өмір сүретін, отбасылы адамдарды қарап жүретінмін. Жалғыз адамға қиын. Реті болған жоқ бірақ. Сосын әйел адам тез қартаяды, климакс келеді, «жалғыз қаламын ба осылай, қартайып қаламын» деген қорқыныш, үрей болды.

Мен отбасын құрарда жолдасыма егер өздігімнен бала көтере алмасам, ЭКО-ға барғым келетінін ашып айттым. Ол құптады. Бірінші талпыныстан нәтиже болмаса, тағы да барамыз деп шештік. Әуелі Алла сәтін салып, одан кейін акушер-гинекологтардың арқасында аңсаған сәбиімді сүйіп отырмын.  

- Дәрігерлер сіздің барлық талапты уақытында орындап, жақсы нәтиже көрсеткеніңізді айтты...

- Маған Гүлсара Жәрдемқызы акушер-гинеколог көмектесті. Қазір оның өзі де бала күтімімен отыр (декрет). Дәрілерді уақытында ішіп, уақытында қаралып жүрдім. Репредуктологтар мені де, жолдасымды да тексере келе, ағзамыздың жақсы екенін айтты. Мені жасанды ұрықтандыруға екі ай дайындады. Босанар сәтте қан қысымым жоғарылап, жедел жәрдеммен перзентханаға алып келді. Кесарь тілігімен босандым.

- Жыл басында кейбір БАҚ беттерінде сізді «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы аясында босанды деп жазды. Рас па, кезегіңізді қанша уақыт күттіңіз?

- «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысым жоқ. Біз өз қалтамыздан төледік. Барлық щығын 3 млн теңгені құрады. Оның ішінде ем процедуралары, дәрумендер, Атырау, Нұр-Сұлтанға бару-келу жолақысы, көрсетілген қызметтер бағасы жатыр. Бала көтерген соң дұрыстап күтіну үшін Теңіз кен орнындағы жұмысымнан шығып кеттім. Сөйтіп, тоғыз ай үйде күтініп отырдым.

- Құрсағыңызға жан бітті дегенді естігенде ең алғашқы сезіміңізбен бөліссеңіз...

- Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес бұл сезімді. Таудың үстіне шығып, бар даусыммен қатты айқайлағым келді. Төбеге шығып, бақырып тұрып жылағым келді. Ол хабарды естіген соң ғарышта жүргендей сезінесің. Бір жерге ұшып барып, ұшып келгендей қалқып жүресің.

- Айгүл, көңілізге келмесін, бірақ мынаны сұрағым келеді. Әдетте жасанды жолмен босанғандар онысын жасырын ұстайды. Ал сіз тым ашықсыз, бәріне жасырмай айтып жүрсіз. Мұны сыры бар ма?

- Біріншіден, бұл қуанышты жаңалықты жасырғаннан ештеңе шықпайды деп есептеймін. Бұл бір Алланың қолдауымен және мамандардың көмегімен болып отыр. Екіншіден, менің шешімім, әр адам өзі үшін өзі шешеді. Үшіншіден, мен сияқты айналамда да тұрмысқа шықпаған, бала сүйе алмай жүрген жасы келген әйелдер көп. Солар үміт үзбесінші деген ниетпен ашық айтып отырмын. Қазірдің өзінде бірнеше отбасыға сәттілік тілеп, оларды дәрігерлерге жібердім. Қаншама отбасы ортада бала болмаған соң ажырасқан. Көбі жылап хабарласады. Соларға сәл де болса көмек болсын деп айтамын.

- Сұқбатыңызға рахмет. Сіздің оқиғаңыз бала сүйгісі келетін басқа да қыз-келіншектерді қанаттандырады деп сенеміз!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама