×

Министрдің жауабынан түк түсінген жоқпын – депутат

Мәжілістің жалпы отырысында «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы талқыланды

 Дәурен Ерболат 23.11.2022 | 11:31
фото: Еділ Жаңбыршин, Әлібек Қуантыров

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың жауабына көңілі толмады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында министр «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасын таныстырды.

Алайда депутат Еділ Жаңбыршин құжаттан ештеңе түсінбегенін айтып, Әлібек Қуантыровқа сұрақ қойды.

«Біз министрдің жауаптарынан нақты ештеңені естіген жоқпыз. Абсалютно. Түк түсініксіз. Сіздерге агломерацияны жасайтын кезде критерий керек. Сіз 500 мың адам болса ғана деген бір мәселені айттыңыз.

Біріншіден, қандай критерий пайдаланасыз? Себебі, әлемдік тәжірибеде бірнеше критерий бар. Қазақстанда оның қайсысын пайдаланасыздар?

Екіншіден, бүгінде агломерацияға нақты қанша қала кіреді?

Үшіншіден, осы агломерация заңын критерийлер бойынша қабылдағанда бізге ол қандай экономикалық, әлеуметтік нәтиже береді? Бізге нақты осыны айтыңызшы. Сіздер осының бәрін істер алдында зерттеу жүргіздіңіздер ғой», - деді ол министрге.

Ұлттық экономика министрі арнайы зерттеу жүргізілгенін атап өтті.

«Әрине, біз зерттеуді дайындадық. Енді бірнеше критерий бар. Онда тек халықтың саны емес, бірақ көлік-логистикалық әлеуеті, экономикалық эффектісіне тоқталайын. Біріншіден, агломерациялардың жергілікті инфрақұрылымдық, инженерлік проблемаларын шешіп, кейін шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік туады. Жалпы макроэкономикалық, синергиялық эффектіні күтіп отырмыз. Қазір сізге нақты санды айта алмаймын. Заң жобасы жергілікті саясатты күшейтіп, республикалық деңгейде экономикаға әсерін береді», - деді Әлібек Қуантыров.

Министрдің жауабына депутаттың көңілі толмады.

Сіз жаңа критерийлерді де нақты айтпадыңыз. Қандай қалалар кіретінін де айтпадыңыз. Зерттеу жүгізілген уақытта күтілетін нәтиже болады ғой. Көрсеткіштер бар ғой: осынша пайызға өседі, күтілетін қорытынды осындай деген сияқты?, - деді Еділ Жаңбыршин.

Әлібек Қуантыров критерийлерді бірнеше рет айтқанын атап өтті.

«Агломерацияға Астана, Шымкент, Алматы, Ақтөбе қалалары жатады. Қарағанды қаласы да кіреді. Басқа да қалалар қосылуы мүмкін. Жалпы жоспар бойынша келесі жылдан бастап экономикалық өсу орташа есеппен 4,1% болады. 2025 жылға дейін 5%-ға өседі деп болжап отырмыз», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама