×

«Балалар кіруге жиіркенеді»: тозығы жеткен Шымкенттегі орталық стадион туралы (ВИДЕО)

Стадионға күн сайын шамамен 700-ге жуық адам жаттығуға келеді

Коллаж: Халық үні

Шымкенттегі «Қажымұқан» атындағы орталық стадионы күрделі жөндеуді қажет етеді. Мұндағы спорт мектептерінің қабырғасы көгеріп кеткен, ал киім ауыстыратын бөлмеде есік жоқ.

Белсенді тұрғын Мөлдір Амангелдиева стадион ғимаратында көргенін Halyq Uni тілшісіне айтып берді.

«Қажымұқан» атындағы орталық стадионы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны қаланың дене шынықтыру және спорт басқармасына қарайды.

Белсендінің сөзінше, бұл жерге спортшылардың өзі кіргісі келмейді.

«Балалар баратын семсерлесу, күрес, садақпен ату секцияларын аралап шықтым. Барлық жерде дәретханаға кіру мүмкін емес, өте лас. Сасық иіс шығады. Киім ауыстыратын бөлмелерде есік жоқ. Балалар дәретханадан шыққан соң қолын жуатын жер жоқ. Ол жерге спортпен шұғылданамын деп барған бала инфекция жұқтырып қайтады. Осындай жағдайда баланы олимпиадаға қалай дайындаймыз?», - дейді шымкенттік белсенді.

Мөлдір Амангелдиева бапкерлермен де сөйлескен. Алайда олардың көпшілігі жағдайды ашық айтуға батпаған.

«Сол жерде екі бапкерді кездестіріп қалдым. Бірі жасөспірімдерді жүгіруден жаттықтырады екен. Біраз жылдан бері осы жерде жұмыс істейтінін, 50 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін айтты. Айтып-айтып шаршағанын жеткізді. Айтуынша, шәкірттері далада киініп, далада жаттығады, содан кейін ішке кірместен үйіне қайтады. Балалар ішке кіруге жиіркенеді дейді. Ал екінші бапкер өздерінің ештеңе айта алмайтынын, өз сөзі өзіне таяқ болып тиетінін айтты», - дейді Мөлдір Амангелдиева.

Орталық 53 жыл бұрын пайдалануға берілген. 2018 жылы Шымкентті Ғабидолла Әбдірахымов басқарып тұрған кезде стадиондағы жөндеу жұмыстарына 44 миллион еуро инвестиция тартылатынын айтты. Оның сөзінше, жұмыс 2019-2020 жылдары жүргізілуі керек еді.

«Футбол клубтарына миллиардтап ақша бөлініп жатыр. Шымкенттегі «Ордабасы» футбол клубының ғимаратындағы дәретхананы көрдім, әкімдіктегі дәретхананы көрдім. Спорт басқармасына да барғанмын. Ол жерде жағдай әлдеқайда жақсы. Ал балалар шынығатын жер осындай жағдайда тұр», - дейді белсенді.

Стадион басшылығы бұл жағдайдан хабардар екенін айтып, қазірге дейін бюджеттен бөлінуге тиіс қомақты қаражатты күтіп отырғанын жеткізді.

Ал ата-ана, спортшылар тарапынан стадионның санитарлық талапқа сәйкес келмеуіне қатысты шағым түспеген.

«Қазір ақша жоқ. Жылда ағымдағы жөндеуге ақша сұраймыз. Күрделі жөндеу жүргізіледі деген соң тыныш отырмыз. Қомақты қаражат бөлінеді деген еді. Өз қалтамыздан ақша шығара алмаймыз. Бюджеттен қомақты сома бөлінуі керек», - дейді стадион директорының орынбасары Алмас Тошаев.

Стадионға күн сайын 700-ге жуық адам жаттығуға келеді. Ал «Қажымұқан» атындағы орталық стадионы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны жағдайын жақсартуға қаражаттың қашан бөлінетіні белгісіз. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама