«Қазақ тіліне қажеттілік артса, биліктегілердің 70 пайызы жұмыстан кетеді» - Дос Көшім (ВИДЕО)
Олардың балаларының 80% жұмыстан кетеді, дейді ол
Қазақ тілін әбден жетімсіреттік. «Сұрауы бар» youtube арнасына сұхбат берген танымал саясаттанушы Дос Көшім осылай дейді. Тіпті егер сүзгіден өткізіп, кім қазақ тілін біледі сол ғана қызметінде қалады десе, онда билікте отырғандардың 70%-ы жұмыссыз қалатынына шүбә келтірмейді.
Қазақ тіліне қажеттілік туса, қазақ тілі орыс тілінің деңгейіне жетсе қолданылуы жағынан, онда қазір билікте отырған адамдардың кем дегенде 70% жұмыстан кетеді. Олардың балаларының 80% жұмыстан кетеді. Швейцарияда оқып жатқан немелерінің 100% жұмыстан кетеді. Сондықтан олар еш уақытта қазақ тілін жоғары деңгейге алып келмейді. Егер кетіп бара жатса қолдарына қосауыз мылтық алып көшеге шығып соғысады. Мемлекеттік тілдің дамуы мемлекеттік қызметкерлерге қатысты ғой. Олар оған толық қарсы, - дейді саясаттанушы.
Қазақ тілінің бұлайша бейшара күйге түсуіне кім кінәлі?
«Ана тілдің жағдайын басқа елдермен салыстырып көрейікші, біз ең соңындамыз. Мемлекеттік тілімізді жетістірмей отырмыз. Осының барлығы Президентке келіп тіреледі. Мен негізгі қатесін айта алмаймын.( Н.Назарбаевты меңзейді ред.) Ол қателігі ме, әлде алдына қойған мақсаты ма, 30 жылда қоғамды аздырды. Сондықан оған біраз мәселеге жауап беруге тура келеді», - дейді Дос Көшім.