Назарбаев мен не істедім, не жедім, не алдым – тексеріңдер деп айтуы керек еді, дейді ол
Белгілі саясаттанушы Дос Көшім «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында осындай ұсыныс айтты. Оның пікірінше ел арасында алып-қашпа әңгіменің нүктесі қойылуы тиіс. Оған халық та, Назарбаевтың өзі де мүдделі дейді сарапшы.
Мен туралы осылай айтады екен, қоғамдық комиссия құрыңдар да менің түп-тұқиянымды қалдырмай отыз жыл президент болған уақытымда не істедім, не жедім, не алдым – тексеріңдер деп айтуы керек еді. Туған-туысқандарын қысып жатыр, енді өзіне қаншама сөз келіп жатыр. «Қазақгейттен» келе жатқан әңгіме. Неге осыны тексеріп нүктесін қоймайды? Мен Назарбаевты соттасын деп отырған жоқпын. Я адал, я осыншама нәрсені бүлдіріпті деп анықтасын. Бәрімізге керек қой? Назарбаевтың өзіне керек, халыққа керек - дейді Дос Көшім.
Оның пікірінше елдің жетістігі де, сәтсіздіктері де ішкі-сыртқы күштермен емес, тікелей президентпен байланысты.
Журналист Ербол Сейілхан саясаттанушыдан Назарбаевтың басты қателігін атауды сұрады.
Саясаттанушы бір ғана басты қателікті атауға қиналамын дейді.
«Ол қазақта жоқ – жеке басқа табынушылықты тудырды. Мен емес қой, халық өзі портретімді іліп жатыр дейді. Жоқ, кешіріңдер. Мен де Алланың пендесімін, сендермен бірдеймін деу керек еді. Жеке басқа табынушылық болмасын дегенді айтқан жоқ өкінішке қарай» - дейді Дос Көшім.
Ол сондай-ақ Назарбаевқа негізсіз жала жаба беруге болмайтынын да атап өтті.
«Жемқорлық мәселесіне қатысты да тексеру жоқ, сондықтан менің айтқаным да асылық болатын шығар. Жала жапқан сияқты. Бірақ оның кезінде жемқорлық бел алып кеткені айдан анық. Поезд билетін сататын кассирден бастап, премьер-министрге дейін коррупцияға ұшыраған ел болдық. Осының барлығының бір ұшы осындай қоғам қалыптастырған президентке тиеді» - деп түйді Дос Көшім.