Қаңтар оқиғасына әділ баға тез арада берілуі керек – Ғалым Жайлыбай (ВИДЕО)
Ол – жалғандықтың, арамзалықтың, жемқор жүйенің ең бір жанталасқан кезі
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғалым Жайлыбай «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында қаралы қаңтардағы жағдайды өзінше бағамдады. Ол еліміздегі қазіргі саяси үдерістер де қаңтармен тікелей байланысты деп есептейді.
Қаңтар оқиғасы жалғандықтың, арамзалықтың, жемқор жүйенің ең бір жанталасқан кезі деп ойлаймын. Осы жағдайда президент сайлауының өтуі заңдылық шығар. Себебі бізге тұрақтылық, бірлік керек, - дейді ақын.
Сондай-ақ ол жаппай тәртіпсіздіктер кезіндегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешім қабылдауы оңай іс болмағанын атап өтті. Оған қоса қаңтарды әртүрлі құбылтып, ұпай жинайтын саясаткерлерді де сынға алды.
Қаңтардың әділ бағасы тез арада берілуі керек деп ойлаймын. Қалай болғанда да ұстараның жүзінде тұрғандай жағдайда шешім қабылданды. Тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық. Бұдан да үлкен қасіретке алып келуі мүмкін еді, - деді Ғалым Жайлыбай.
Журналист Ербол Сейілхан ақыннан қаламгерлердің осы бір қиын сәтте неге үнсіз қалғанын сұрады. Ал Ғалым Жайлыбай өзінің үнсіз қалған күні болмағанын алға тарта отырып, «Ошағыңды таптаса, от өшеді» деген өлеңін оқып берді.
Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.