Прокуратураның құқық қорғау функциясы одан әрі нығайтылмақ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажет» деген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы 5 қарашада «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды. Бұл заңның негізгі міндеттері мен ерекшеліктері туралы Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сапарбек Нұрпейісов айтып берді.
Оның айтуынша, заңда прокуратураның қадағалау және басқа да өкілеттіктері, жаңа Қазақстанда заңдылықты сақтауды неғұрлым тиімді қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандығын, бизнес пен мемлекеттің мүддесін қорғауға, қалпына келтіруге мүмкіндік беретін пәрменді құралдар мен тетіктері жүйеленген.
Маңызды мәселе – прокуратураның құқық қорғау функциясын одан әрі нығайту. Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары біз үшін басты басымдық болып қала бермек. Жалпы, қабылданған «Прокуратура туралы» Конституциялық заң заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның, бизнестің және мемлекеттің мүдделерін қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік беретін тиімді тетіктерді бекітті. Заң прокуратураның құқық қорғау әлеуетін күшейту, жүзеге асырылып жатқан қызметтің кепілдіктерін нығайта отырып, біздің жүйемізді жоғары қадағалау органы ретінде жаңғыртуға мүмкіндік береді, – деді С.Нұрпейісов.
Жалпы, Конституциялық заңда 48 баптан тұратын 7 тарау бар. Оның бәрі прокуратура органдарының құқықтың әлеуетін күшейтіп қана қоймай, тексерулерді тағайындауға және жүргізуге құқылы лауазымды адамдардың тізбесін толықтыруға мүмкіндік береді.
Бұл дегеніміз – «прокуратураға зор жауапкершілік пен үлкен құзырет жүктеледі» деген сөз. «Прокуратура туралы» заң аясында тексеру жүргізу үшін Президенттің немесе Бас прокурордың тапсырмалары, сондай-ақ аумақтық және мамандандырылған прокурорлардың, әскери және көлік прокуратуралары органдары басшыларының шешімдері негіз болады. Алайда прокуратура өзге мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды.
«Қабылған Конституциялық заң бойынша прокурорлар қандай құзыреттерге ие? Сол туралы айта кетсем! Мәселен, Конституциялық заңның 18-бабында субъектілердің 5 санаты көрсетілген.
Атап айтқанда:
1) физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға байланысты өздерін қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдардың;
2) кәмелетке толмаған адамдардың;
3) адамдардың шектелмеген тобының;
4) егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не елдің қауіпсіздігі үшін орны толмас зардапты болғызбауға қажет болса, адамдардың, қоғамның және мемлекеттің;
5) мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері бойынша олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін прокурорлар тексерулер тағайындай алады», – деді Бас прокуратураның өкілі.
Сонымен қатар Сапарбек Нұрпейісов жаңа заңға сәйкес, прокурорлар Қадағалау актілерін прокурорлар жүргізілген тексеру, талдау, актілерді бағалау және азаматтардың жолданымдарын қарау, прокуратура органдарының өзге де функцияларын орындау нәтижелері бойынша шығаратынын атап өтті.
Мысалы, прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел-іздестіру, атқарушылық іс жүргізу, жазаларды орындау және басқа да мәселелер бойынша жазбаша нұсқаулар береді.
«Прокурор заңдылықтың бұзылуын, қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы, ҚР заңдарында белгіленген басқа да жағдайларда ұсыну енгізеді. Оның үстіне, прокурордың заңды талаптарын орындамау, прокуратура актілерін қарамау немесе сапасыз қарау заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады», – деді Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы. Маңызды жайт, конституциялық реформа – Бас прокурорға жаңадан құрылған Конституциялық сотқа жүгіну құқығын берді. Сондай-ақ Бас прокурор Жоғарғы сотқа сот практикасына түсіндірме беру туралы ұсыну жіберуге құқылы.
Айта кетейік, прокуратураның мәртебесін, құқықтың құзыреті мен беделін арттыру – Жаңа Қазақстанда адам құқықтарын қорғауды күшейту, мемлекет мүддесін көздеу мақсатынан бастау алған.