Halyq Uni логотип
×

«Намыс қайда?». Саясаттанушы «орыс әлемін насихаттаушыларды» министрдің қарсы алғанына қапалы

Олар – соғысты қолдап жүрген адамдар

 Еркеғали Болатұлы 17.11.2022 | 16:50

Қазақстан ішкі қауіпсіздігін күшейтіп, әскерді мықтамаса, жағдай қиындауы мүмкін. Саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында осылай деп, төніп тұрған қатердің маңызды дегендерін атады.

Көршілермен тату болуымыз керек. Бірақ армия күшті болуға тиіс. Оған бізде тойтарыс беретін әскер жоқ. Логикалық тұрғыда, «вооружен до зубов» дейді ғой орысша, сондай болсаң, саған шабуыл жасау ықтималдығы да азаяды. Бұл жерде ішкі қауіпсіздік мәселесін де қолға алу керек. Бізде онымен жұмыс істеп жатқан жоқ. Ішкі саясатта, әкімдіктерде жүрген жоқпын, бірақ мынадайды естідім. Православ шіркеулерінің айналасында әскериленген ойындар ойнайды екен. Шынайы соғысқа жақын сарында. Оны не үшін ойнап жатыр? Құзырлы орын тексеруі керек. Бар болса, көзін жоюы керек, - деді саясаттанушы.

Айтуынша, қазір бізге қауіп Ресей пропагандасынан төніп тұрған көрінеді. Жұрт алып тастауды қанша талап етсе де әлі күнге дейін Қазақстан аумағында көрші елдің телеарналары хабар таратуын тоқтатқан жоқ.

Сосын қазір бізге Ресейдің небір келімсектері келіп жатыр. Арасында кімдер бар? Сұрап көріңізші, көбісі Путинді қолдайды. Бірақ мобилизациядан қашып келіп жатыр, - дейді Бақытжан Бұқарбай.

Сондай-ақ ол Украинаға Ресейдің соғыс ашқанын құптайтын әншілер мен өнер иелерінің Қазақстанға ағылып келіп, ақшамызды сыпырып кетіп жатқанын да қауіп қылып отыр.

«Орыс әлемін насихаттаушылар келіп жатыр. Филипп Киркоров келді. Алдағы уақытта Агутин, Полина Гагарина сындылар келеміз деді концертпен. Баратын жері қалмады ғой, содан бізге келеді. Олар – соғысты қолдап жүрген адамдар. Неге бізге келіп, ақшамызды алып кетеді? Сол менің намысыма тиеді», - деді саясаттанушы.

Оның қытығына тиген тағы бір жайт – мобилизациядан қашып келгендерді қарсы алуға министр Бағдат Мусиннің өзінің шығуы. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ресейліктердің бәріне оңды-солды ЖСН (ИИН) таратылды. Тегін бергенше, сатып, қазынаға ақша түсіруі керек еді деген пікірде Бақытжан Бұқарбай.

«Келімсектерге министрдің өзі барып, ХҚКО-да түсінідіріп жүр. Қазаққа шығып, солай қызмет көрсетпей, келімсектерге барып жатыр. Намыс қайда? Ұлттық мүдде қайда? Неге, керісінше, ЖСН-дарды сатпайсыңдар оларға? Неге пұл қылмайсыңдар?» - деп ашынды ол сұхбат барысында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама