Мұнайдың бағасына байланған арабтардай өмір сүргім келмейді – Бақытжан Бұқарбай (ВИДЕО)
Қазақты аман алып шығатын жалғыз жол – демократиялық реформалар
Белгілі саясаттанушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында Қазақстанның болашағы туралы ойымен бөлісті. Бұл ретте ол қоғамда қалыптасқан «арабтардай өмір сүру» арманымен мүлдем келіспейтінін айтты.
Мен арабтардай өмір сүргім келмейді. Ол – мұнайдың бағасына байланған байлық. Технологиясы дамымаса, мұнайдың бағасы құлдыраған кезде ол байлығы шөлдің ортасында салынған үлкен ғимараттар болып қалып қояды, - дейді саясаттанушы.
Сондықтан ол оның орнына Норвегияның моделіне бейімделу керектігін алға тартып отыр.
Норвегияның байлығы да мұнайдан келген. Бірақ институттардың дұрыс құрылып, дұрыс жұмыс істеп жатқанының арқасында. Мәселен, зейнетақы қорына триллиондаған доллар жинап тастаған. Бізде талан-таражға кетеді бәрі. Әзербайжан банкіне салды, ол банкрот болды, ақша күйіп кетті деген сияқты.
Институттар жұмыс істесе, олай істемейді ғой. Бұл не, авантюризм бе? Халықтың аманат етіп берген ақшасы ғой? Ертең қартайған кезде сол ақшамен күн көреміз деп. Девальвацияны ескеріп, индексация болып жатқан жоқ. Сен қазір мың теңге салсаң, қартайған кезде сол мың теңгеңді аласың. Қазір мың теңгеге бір шыны кофе алсаң, кейін бұны да ала алмай қаласың», - деп күйінді Бақытжан Бұқарбай.
Ал Норвегияның нәтижесіне жету үшін бірінші кезекте саяси ерік-жігер керек деген пікірде ол.
«Егер нақты реформалар қолға алынса, он жылда жемісін көруге болады. Бірден бола қоймайды. Қазақты аман алып шығатын жалғыз жол – демократиялық реформалар. Қоғамдық институттарды дұрыс жолға қою керек. Ол – мықты Парламент, тәуелсіз сот, тәуелсіз БАҚ» - дейді саясаттанушы.