Жеңілістің себебі белгілі болды
Футболдан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев Өзбекстан командасымен матч туралы пікір білдірді. Ол еліміздің бас командасының ұтылуының себебін айтты. Бұл кездесу 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілген еді.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы баспасөз мәслихатына қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
- Магомед Мұсаұлы ойыннан қандай әсер алдыңыз?
- Ойын жаман болмады. Бірақ біз ойлағандай болған жоқ. Матчта гол соғуға бролатын жақсы мүмкіндіктер болды. Енді іріктеу кезеңіне дейін ойынды өзгертуді қарастыратын боламыз. Әрине, кемшіліктер болып тұрады. Онсыз болмайды. Өзіміздің қателіктерден кейін гол жіберіп алдық. Маған енді бас жаттықтырушы ретінде солармен жұмыс істеу керек. Екі жақта да гол соғатын сәттер болды. Алайда алаң иелері жеңіске жетті. Мен оларды құттықтаймын.
- Көпшілігі Бахтиер Зайнутдинов пен Эльдор Шомуродовтың тартысын алғашқы минуттан бастап тамашалағысы келді. Неліктен Бахтиер қосалқы құрамда қалды?
- Кеше жаттығуда аздап бұлшық ет жарақаты болды. Футболшының денсаулығын ойладым. Ешқашан тәуекелге бармаймын. Негізі құрамға шығару жоспарда болған. Ол Ресей премер-лигасында жексенбі күні ойнап, келесі күні ұшып келді. Сол себепті, онымен сөйлесіп, бір тайм ойнайды деген шешімге келдім.
- Бауыржан Исламхан ұзақ үзілістен кейін алаңға қайта оралды. Ол ойнаған 20 минутқа қандай баға бересіз?
- Исламханның жасыл алаңда әлеуеті бар. Ол әлі нағыз бабында емес. Алаңның қай жерінде ойнайтынын түсінгім келеді. Әлі де жұмыс істеу керек. Ұзақ үзіліске қарамастан допты сақтап, өтімді пастар бере алады.
- Өзбекстан құрамасынан қай футболшы таңғалдырды?
- Эльдор жоқ жерден екі гол салды. Күтпеген жерден гол салатын жақсы қасиеті бар. Сол себепті, Италияда ойнайды. Қиын соққыны қайтарған қақпашының еңбегін де атап өткім келеді. Орталық алаң мен қапталда ойнайтын жақсы футболшылар бар екен.
Сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстанның жолдастық матчы туралы ұлттық құраманың қақпашысы Игорь Шацкий де пікір білдірді. Ол да ойынның жоспардағыдай болмағанын айтып, Өзбекстанның жекелеген ойыншыларының шеберліктері кездесудің «тағдырын» шешіп кеткенін ескертті.
Ойын біз жоспарлағандай өтпеді. Жаттықтырушының айтқаны да болмады. Бірінші таймды уысымыздан шығарып алдық. Екіншісінде жинақы ойнадық. Дегенмен қуып жету қиын болды. Өзбекстан – өте жақсы қарсылас. Оларда Шомурадовтың жеке шеберлігі шешіп кетті. Жанкүйерлер қолдауы маңызды. Олар бізге қолдауын аяғын жоқ. Сондықтан кешірім сұрағым келеді.
Енді осымен тұрып қалмай, Еуроға дайындалу қажет. Бапкерлер штабы бір қорытындыға келер. Қалыпқа келіп, жаңа бір тактиканы қолданып көреміз. Жаттықтырушылар штабы бәрін шешеді», – деді Шацкий.
Енді Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 19 қарашада Әбу-Даби қаласында БАӘ-ге қарсы өткізеді.