«Бұл – абсурд қой!». Саясаттанушы қала мен облыс әкімдерін де сайлау керектігін ескертті (ВИДЕО)
Сайлау тәжірибесі қалыптасқан сайын сайлаушылар өзіне қандай әкім керектігін түсінеді
Алдағы 5 жылда Қазақстан ауылдық қана емес, қала мен облыс әкімдерін де сайлайтын деңгейге жетуі керек. Бұл – жаңа президент назарына алуы тиіс басты мәселелердің бірі. Саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында осылай деді. Себебі қала мен облыс әкімін сайлай алмау – абсурд.
Біз барынша сайлауға қарай ұмтылып, кез келген депутат, министр, әкім болса да сайлануы керек. Биыл ауыл, келесі жылы аудан әкімдері сайланады дейді. 5 жылдан кейін облыс әкімдері сайланатын деңгейге жетуіміз қажет. Тоқаевтың да курсы осыған бағытталуға тиіс.
Неліктен біз президентті сайлай аламыз, бірақ қаланың, облыстың әкімін сайлай алмаймыз? Бұл – абсурд қой. Жерлікіті өзін өзі басқаруды дамыту керек. Халық әлі дайын емес дейді. Қалай ол? Мен неге алматылық ретінде өз әкімімді сайлай алмаймын? Менің санам жетпей ме, түсінігім тар ма?» - дейді саясаттанушы.
Осы орайда ол қала мен облыс әкімдерін сайлау науқанын Алматы мен Астанадан бастауды ұсынды. Әрине, бастапқыда халықтың қателік жіберуі де мүмкін. Бірақ сайлау тәжірибесі қалыптасқан сайын сайлаушылар өзіне қандай әкім керектігін түсінетін болады.
Қаңтарда болған жағдайдан кейін кем дегенде Алматы өзінің қала басшысын сайлау құқығына ие болды деп айта аламын. Пилоттық деңгейде Астана, Алматы – осы екі қаланың әкімін сайлауды енгізу керек. Басқа өңірлерге қарағанда Алматының азаматтық қоғамы сәл дамыған ғой. Сондықтан осы жерден бастаған дұрыс шығар.
Бір қателесерміз, популистті таңдап қоярмыз. Тәжірибе жоқ кезде билікке популист келеді. Ананы-мынаны реттеймін дейді. Халық бір сүрінер, екі сүрінер, бірақ үішіншісінде әкімнің нақты қандай болуы керек екенін біледі. Сөйтіп, саяси мәдениетіміз қалыптасады», - деді Бақытжан Бұқарбай.
Оның пікірінше, президент сайлау өткеннен кейін өзінің назарын көп мәселенің ішінен осыған да аударуы керек. Тағайындаудан сайлану принципіне өту маңызды.