Баспанаға сұраныс қалай өзгереді - Құрылыс компаниялары сауданы неге тоқтатқанын түсіндірді
Әлемдегі соңғы жағдайларға байланысты еліміздің құрылыс компаниялары сауданы тоқтатқан еді
Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы президентінің орынбасары Виктория Теннің айтуынша, салынып жатқан жылжымайтын мүлік бағасына жақын арада әсер ететін басты фактор – доллар курсының тұрақсыздығы кесірінен құрылыс материалдары бағасының өсуі болмақ, дейді Halyq Uni тілшісі.
Соған байланысты құрылыс компаниялары курстың өзгерісіне қарап отырып, салынып жатқан және енді тұрғызылатын нысандар бағасын өзгертуге мәжбүр болады. Оның үстіне, материалдар бағасы өскеннен кейін жұмысшылар жалақысын көтеру мәселесі де көп күттірмейді. Жалақы онсыз да өзекті мәселеге айналған. Бұлардан бөлек, несие мөлшерлемесінің өсуі де айналып келгенде құрылыстың өзіндік құнына әсерін тигізеді, – дейді Тен.
Оның сөзінше, бүгінде сатылымға шығарылған жобалардың тоқтағаны байқалмайды. Алайда кей құрылысшылардың енді салынуы тиіс жобалар саудасын кейінге қалдырғаны белгілі болған. Өйткені жақын аралықта сұраныс төмен болады деген болжам бар. Одан бөлек, құрылысшылар үшін де жобалардың өзіндік құнын есептеп шығару айтарлықтай қиындаған. Соған сай, салуға жоспарлаған жобалардың бағасын есептеу де мүмкін емес.
Баспана саудасын тоқтатып тұрғандардың бірі – ORDA INVEST корпорациясының басқарма төрағасы Шалқарбек Тәліповтің мәліметінше, құрылыс материалдарын жеткізушілер кешелі бері қандай баға боларын білмей, тасымалды тоқтатып тұр. Өйткені тауардың көбі шетелден келеді. Жағдайдың тұрақсыздығына бір мысал, жеткізушілер арматура бағасын бірнеше күн бұрын 340 мың теңгеден сатса, қазір 528 мыңға бір-ақ көтерген.
«Басқа жеткізушілер әлі хабар берген жоқ. Бәрі тоқтатып отыр. Соның бәрі бағаға әсер береді, соны күтіп отырмыз. Бір жағынан біз де сатуды тоқтатып отырмыз. Ресей мен Украина қақтығысы шешіліп, басқа нарық бағалары да бірқалыпқа түсіп, доллар курсы да тұрақталуы керек. Содан кейін ғана біз отырып қайтадан есептейміз. Өйткені материалдарымыздың 65%-ы импорттан тұрады. Оның көбі Ресейден келеді. Соның бәрі өзгеріп жатыр», – дейді Тәліпов.
Оның сөзінше, қақтығыс қалыпқа келіп, доллар тұрақталса, компания үшін осы екі фактор жеткілікті.
Қазір 4 жобамыз тоқтап тұр. Оның жартысы өз қаражатымызға, жартысын үлескерлер қосады. Заң бойынша үлескерлерді қабылдайтын рұқсаты бар нысандар бар. Үлескерлерге маркетинг бөліміміз хат жазып жатыр. Бірақ біз тек сатуды ғана тоқтаттық, ал құрылыс жүріп жатыр, - дейді бизнесмен.
Заң бойынша соғыс, төңкеріс сынды күтпеген жағдай болса, тіршілік тұрақталғанша сауданы тоқтату мүмкіндігі қарастырылған.
Бағаны көтеруге негіз таппай отырған әзірге G-Park қана сияқты. Өйткені құрылыс материалдарын теңгемен сатып алады. Оның үстіне, бір де бір материал жеткізуші бағаны көтермеген. Сондықтан компания өкілдері бағаны өсіру мәселесінен аулақ екенін мәлімдеді.
Ал Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев биыл шаршы метр құнына Украинадағы жағдай қатты әсер етуі мүмкін екенін айтады. Өйткені Ресейге санкцияның күшеюінен рубль құлады. Кедендік одақта болғандықтан теңге де құлдырады.
«Құрылыс материлдарының көбін шетелден алатын болғандықтан, әкелінетін материалдардың бағасы қалайда өседі. Кез келген құрылыстың 55-60 пайызы материалдан тұратындықтан, түптеп келгенде ол шаршы метр бағасына әсер етеді. Оған қоса жыл сайын теңге девальвациясы кесірінен үй бағасы онсыз да 10-15% өсіп келеді», – дейді Ерғалиев.
Қорыта келгенде, теңгенің бүгінгі құлдырауы бар, сонымен бірге бүкіл құрылыстың 10% қымбаттауын қоса алғанда, жыл соңына қарай баспана бағасы шамамен 15-20, тіпті 25%-ға дейін артады деген болжам жасап отыр.