×

Шекарашылар балықшылардың ауын негізсіз тәркілеп, заңсыз сатады – депутат

Шекара қызметі тексеріс жүргізетінін атап өтті

 Дәурен Ерболат 14.11.2022 | 11:38
Фото: time.kz

Депутат Еділ Жаңбыршин Қазақстан шекарашылары балықшылардың ауын негізсіз тәркілеп, оларды заңсыз сататынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында ҰҚК Шекара қызметінің өкіліне бірнеше сұрақ қойды.

«Бірінші сұрақ. Бүгінде балық аулау кемелерінің Каспий теңізіне шығуына рұқсаттама құжаттарын рәсімдеумен беру ісінде шамадан тыс қағазбастылыққа жол берілген. Мәселен теңізге шығуға рұқсат алу үшін 22 жұмыс күні қажет. Теңізге шығуға рұқсат алуға ұсыным хат 10 жұмыс күнінде келісіледі. Келісілгеннен кейін құжаттардың толық топтамасы 12 жұмыс күні ішінде қаралады. 2019 жылы президент 80%-ға дейін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Аталған ведомство құжаттарды қарау мерзімін қысқару мәселесін қарастыра ма? Екінші сұрақ. Сіздер көрсететін қызметтерді автоматтандыру жоспарда бар ма?

Үшінші сұрақ. Шекарашыларымыз балықшылардың ауын негізсіз тәркілеп, биркаларын алып тастап, ауларды заңсыз сату схемасын жасап алған деген арыз бізге балықшылардан жиі түседі. Шекарашылардың бұл фактілерін дәлелдеу өте қиын. Бірақ қазақта «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар. Осы заңсыздықты қалай реттемексіздер? - деп сұрады депутат.

Депутаттың сауалына Шекара қызметінің өкілі Айдар Аймурзин жауап берді.

«Бірінші сұрақ бойынша. Норма Қазақстанның мемлекеттік шекарасы туралы заңда көрсетілген. Бұл Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің элементі болып саналмайды және Шекара қызметінің құзыретіне кірмейді... Құжаттарды ұсыну алдын ала аумақтық полиция бөлімшесі мен ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісіледі. Ол бойынша мемлекеттік құжаттардың тізімін ұсыну керек. Сондықтан сұрақтарды уәкілетті органға қойыңыз... Екінші сұрақ бойынша, жұмыстың спецификасына байланысты олар қызметті интернет арқылы көрсете алмайды әрі (теңізге шығуға рұқсат алуға ұсыным хатын қарауды – автор) 10 тәуліктен қысқарта  алмайды», - деді Шекара қызметінің өкілі.

Айдар Аймурзин үшінші сұраққа нақты дәлел керектігін атап өтті.

Ауларды заңсыз алуға қатысты. Бізге деректерді беріңіз. Мәселені шешеміз, - деп жауабын қысқа қайырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама