Мемлекеттік айыптаушы Хаменованы жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова, облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев және «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовқа қатысты сот процесі өтіп жатыр.
14 қарашада айыпталушылар сотта соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алғашқы болып «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов сөйледі. Ол соттан өзінің зейнет жасындағы адам екенін, екі ұлының денсаулығында ерекшелігі бар екенін айтып, айыппұл түрінде жаза беруді сұрады. Немесе жұмыс істей алуы үшін қоныс-колонияда жазасын өтеуді сұрады.
Ал облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев соттың сотталушылардың әрекетіне құқықтық баға беретініне сенім білдіріп, өзін толық ақтауды сұрады.
Құрметті сот! Менің кәмелетке толмаған 4 баламның бар екенін және бұрын-соңды істі болмағанымды, денсаулығыма байланысты ұсынылған медициналық құжаттамаларды назарға алуыңызды сұраймын. Барлық мән-жайды ескеріп, менің іс-әрекетімде қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты мені толықтай ақтауыңызды сұраймын, - деді Ақылбек Рысқалиев соттағы соңғы сөзінде.
Бақытгүл Хаменова да соттан өзін ақтауды сұрады.
«...Барлық әңгіме, барлық кездесу, ақша беру ол адамдардың жеке мотиві және әрекеті негізінде менің қатысуымсыз жасалған. Сот менің және Рысқалиевтің, Адамовтың мәлімдемесін ескеріп, жеке қаулы шығаратынына сенгім келеді. Нәтижесінде қылмыстық істі ойдан шығарған адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалады деп ойлаймын. Ол адамдар біз ойлағаннан да қоғам үшін қауіпті болуы мүмкін. Себебі істі адал тергеу үшін тек айқын фактіні қабылдау қажет еді. Сондай-ақ кінәсіздік презумпциясы деген түсінікті елемей, ашық түрде заңсыздықты негізге алу арқылы істің ұзаққа созылуына үлес қосқандар да назардан тыс қалмауы қажет. Азаматтар сот төрелігіне деген сенімін бекерден-бекер жоғалтқан жоқ. Сенбей, дұрыс істейді. Бұл іс сенуге болмайтынын көрсетті», - деді Хаменова.
Бақытгүл Хаменова іске қатысты тергеушілер, прокурорлар, бұл іске қатысқандар заңды аяқасты қылғанын айтты.
...Олар ашық түрде маған қатысты ойдан шығарылған қылмыстық істі қолдады. Сот та осындай жолмен жүретін болса, онда еліміздің, балаларымыздың болашағы жарқын болатынын күтудің қажеті жоқ, - деді Бақытгүл Хаменова.
Ол өзін ақтап, жеке қаулы шығаруды сұрады.
Құрметтi сот! Менің ешқандай да кінәм жоқ. Ақтауыңызды сұраймын. Ақтығымды, кінәсіздігімді дәлелдеу үшін соңына дейін күресемін, - деп түйіндеді Бақытгүл Хаменова.
Сот үкімі 15 қарашада шығады.
БАҚЫТГҮЛ ХАМЕНОВА ІСІ
2021 жылдың желтоқсанында Атырау облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.
2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу туралы шешім шықты.
Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 2022 жылдың 31 мамырында түсті. Сот процесі 3 тамызда басталды.
Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов.
Сот отырысына судья Жұмабек Тәшімов төрағалық етеді. Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.
Тараптардың жарыссөзі барысында мемлекеттік айыптаушы Лаура Асанова Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевті (облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы) 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сондай-ақ Хаменованың 14 жасқа толмаған баласының бар екенін ескеріп, жазасын үш жылдан кейін өтеуін сұрады. Ол уақытқа дейін пробациялық бақылау қоюды, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін Хаменованы қамауда ұстау туралы шешімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Ал «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовты прокурор 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Прокурор соттан Ақылбек Рысқалиев пен Өміртай Адамовты сот залында қамауға алуды сұраған.