Жигули Дайрабаев «Қазақ қызы» орталығында қалталы азаматтардың балалары оқитынын айтты
Қазақстан президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған кандидат Қарақат Әбденге телевизиялық дебат барысында сұрақ қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Қарақат Жақсылыққызы, сіз бағдарламаңызда жастар тәрбиесіне басымдық берген екенсіз. «Қазақ қызы» деген институт ашыпсыз. Ел арасында сол жерде тек қалталылардың балалары оқиды деген әңгіме бар. Неге қалтасы көтермейтін қарапайым азаматтардың балалары оқымайды?», - деп сұрады Жигули Дайрабаев.
Марқұм енем «ашуланған әйел ақымақтық жасайды» деп айтушы еді. Аға, сіздің жасыңыз үлкен, не айтсаңыз да жарасады. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп отырған әйел затын төмендетудің қажеті жоқ, - деді Қарақат Әбден.
Жигули Дайрабаев оны сөгіп отырмағанын айтып, сұраққа нақты жауап беруін сұрады.
«Өзіңіз қойдың кішкентай жілігін сындырып біраз дивиденд жинадыңыз. «Қазақ қызы» алты жылдың ішінде 3 мыңнан аса қызды оқытып шығарды. Оның ішінде басым бөлігі көпбалалы отбасыдан шыққан, балалар үйіндегі қыздар да оқыды. Олардың бәрі тегін оқыды. Ал ақылы бөлімде оқығандар үшін оқу бағасы нарықтағы бағадан асқан жоқ», - деп жауап берді Қарақат Әбден.
Айта кетейік, Қазақстан президенттігіне кандидаттар мен олардың өкілдері арасында телевизиялық дебат өтіп жатыр.
Бұған дейін Қазақстан президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен мен Салтанат Тұрсынбекова бір-біріне сұрақ қойды.