Тоқаев түркі өркениетін насихаттауды ұсынды
Қазір Түркі ынтымақтастығы идеясы бүкіл әлемнің назарын өзіне аудара бастады
Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ұйымның қызметі мен жұмысын насихаттаудың мәні мен маңызы туралы айтты.
Президент түркі әлеміндегі ықпалдастықты ел-елге, жер-жерге көрсету үшін Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде дәріптеу керектігін атап өтті.
«Тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде дәріптеуіміз керек. Бұл – өте қажет нәрсе. Осы жұмысты елдеріміздің ішіндегі ақпарат құралдары және белгілі халықаралық агенттіктер аясында жүргізуге болады. Себебі, әлем қауымдастығы біздің түркі әлеміндегі ықпалдастықты нығайту үшін жасап жатқан ауқымды жұмысымыз туралы білуі қажет.
Шындығын айтсақ, әлем жұртшылығы біздің ұйымның жұмысы туралы әлі де жақсы біле бермейді. Дегенмен, қазір Түркі ынтымақтастығы идеясы бүкіл әлемнің назарын өзіне аудара бастады. Түркі өркениеті туралы хабар беретін құнды деректер жер шарының түрлі аймақтары мен құрлықтарынан табылып жатыр», – деді ол.
Оның айтуынша, дүниежүзіне түркі өркениетінен хабар беретін құнды деректер мен мәліметтер түркі елдерінің ортақ құндылықтары. Сондықтан, түркі әлемі үшін қолда бар тарихи және тілдік деректерді жүйелеп, ретке келтіру маңызды міндет.
Осы ретте, президент Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына ғылыми институттардың және мекемелердің аясында белсенді жұмыс ұйымдастырып, оны әлем жұртшылығына кеңінен таныстыруды ұсынды.
«Ұйымның жұмысы дипломатиялық саммиттер мен қорытынды құжаттары бар кездесулермен ғана шектеліп қалмағаны жөн. Түркі мемлекеттері ұйымы барша түркі әлеміндегі халықтарды жақындастыратын ықпалды орталыққа айналуы қажет деп санаймын», – деді мемлекет басшысы.