×

Қаңтар оқиғасы: Айман Омарова прокуратураның жұмысын сынға алды

Ол тағы бір азаптау фактісі жайлы баяндады

 Айнұр Шошаева 01.03.2022 | 09:00
коллаж: Halyq Uni

Қаңтар оқиғасының мән-жайын анықтау мақсатында жұмыс істеп жатқан «Ақиқат» қоғамдық комиссиясы тергеу кезіндегі прокурорлардың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Ақиқат» қоғамдық комиссиясы Атырау облысында қамауға алынған соң азапталған 14 азаматтың ісімен айналысып жатыр. 

Олардың арасында Жолдасов Сағат есімді азамат бар. Қамауға алған соң оны азаптаған. Оның ісімен біздің әріптесіміз Рысты Қалиева айналысып жатыр. Менің өзім сол іс бойынша Атырау облыстық прокуратурасына хабарластым. Несіпқали Шыңғыс деп таныстырған прокурор менің бір сұрағыма 20 түрлі жауап берді. Ұзақ әңгімеден соң жауап жіберді, жауап дегеннен гөрі сілтеме (отписка) дер едім, – деді комиссия жетекшісі Айман Омарова. 

Оның айтуынша, Сағат Жолдасов азаптау салдарынан өздігінен жүріп, дәретханаға бара алмай қалған.

«Жолдасовты ұрғаны сонша өздігінен дәретханаға бара алмайды. Сіздер айуан болып кеткенсіздер ме? Атырау облысының прокурорлары, сіздерге не болған? Сіздер ұятсызсыздар! Бас прокуратура қайда қарап отыр? Мен адамдарды аяймын. Олар митингке қатыспады деп отырғаным жоқ. Еркекті мүгедеп етіп тастады. Азаптау фактісі расталды. Сіздер өздеріңіз қылмыс жасап отырсыздар. Ол адам 50 күннен бері жатыр. Неткен айуандық. Ондай қылмысты жасаған адамды фашист деп атауға болады. Әлгі адам құқық қорғау органында жүмыс істейді», – деп қосты ол. 

Заңгер қамалған азаматтарды азаптаған орган қызметкерлері қамауға алынбағанын айтып отыр. Осы әрекеті арқылы билік пен прокуратураның беделін түсіріп отыр деген пікірде. 

Азаптаған адамды қамаудың орнына хат (отписка) жазып отыр. Адамдар зар жылап жатыр сіздерден. Сіздердің бұл әрекеттеріңізді диверсия деп бағалауға болады. Азаптаған адам бостандықта жүр. Өзі қозғалып, дәрет сындыра алмайтын адам қамауда жатыр. Оны қайтеді ұстап? Мазақ қой. Дәл қазіргі жағдайда прокурорлар өз жұмыстарын жылдам істеуі керек. Өтініштерді қабылдап дереу шара қабылдауы тиіс. Оның орнына көріп отырғанымыз мынау. Прокуратурада ешқандай өзгерістер болмаған сияқты, – деді адвокат. 

Қазір «Ақиқат» қоғамдық комиссиясы Бас прокуратураны Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласындағы тергеу барысына назар аударуды сұрап отыр. Комиссия өкілдері Семей мен Шымкент қалаларында ұсталған азаматтарға жаппай азаптау болғанын айтты. 

Сондай ақ қамауда отырған азаматтардың басым бөлігінің көпбалалы отбасы екеніне назар аударды. Бүгінде жалғыз асыраушысы қамауда отырған отбасылардың материалдық жағдайы нашарлауына байланысты, азық-түлікке ақша таппай отырғандары бар көрінеді.

Бұған дейін Омарова ҰҚК 7 адамға оқ ату бойынша істің тергелуіне кедергі келтіріп отырғанын айтқан болатын. Сонымен қатар Halyq Uni тілшісі адвокатпен сұқбат жасап, маман 20 мың террорист, азаптаулар мен зорланған әйелдер туралы мәлімдеген еді.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама