Мәслихат депутаты Шәкен Аймановтың есімін орыстілді мектепке беруге қарсы
Астанадағы Мәншүк Мәметова мен Гейдар Әлиев атындағы екі көше қаланың ескі бөлігінен сол жағалауға ауыстырылатын болды. Қалалық мәслихатта өткен елорда көшелеріне атау беру бойынша жария тыңдауда ұсынылған Қостомар атауы дау тудырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бір ай бұрын елордалық ономастика комиссиясының кезекті отырысы өтіп, онда қаланың бірқатар көшесіне атау беру мәселесі талқыланған. Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп комиссия ұсынған атаулар туралы айтып берді.
Атап айтқанда, ол А-23 көшесіне Екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері, майдангер жазушы Әскен Нәбиевтің есімін беруді ұсынды. Келер жылы майдангердің 100 жылдық мерейтойы аталып өтіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ ол А-24 жобалық көшесіне ақын Сырбай Мәуленовтің есімін беру ұсынылды.
«Ал Е-12 жобалық көшесіне Мәншүк Мәметованың есімін беруді ұсынамыз. Мәншүк Мәметова атындағы қазіргі көше Байқоңыр ауданында орналасқан. Көшенің ұзындығы 100 метрге жетпейді, өте қысқа. Биыл Мәншүк Мәметованың 100 жылдығы, сондықтан батыр апамыздың атын лайықты көшелерге ауыстырайық деп сол жағалауға көшіріп отырмыз», – деді басқарма басшысы.
Бұған қоса, комиссия Е-20 жобалық көшесіне академик Шапық Шөкиннің, Е-753 көшесіне Санжар Асфендияровтың, ал №187 көшеге жазушы Бердібек Соқпақбаевтың есімін беру туралы ұсыныс айтылды.
Прездент 2022 жылды – Балалар жылы деп жариялады. Сондықтан дәл осы жылы балалардың әйгілі классик жазушысын ұлықтау мазмұны жағынан сай келеді деп ойлаймыз, – деп қосты Сәкен Есіркеп.
Сонымен қатар келесі жылы Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы аталып өтіледі деп жоспарланған. Мерейтой қарсаңында №189 көшеге Бейбарыс сұлтанның есімін беру көзделіп отыр.
Айта кетейік, Астанада Әзербайжанның тұңғыш президенті Гейдар Әлиевтің атында көше бар. Елордалық комиссия Г.Әлиев есімін Бұқар жырау көшесінен (Ботаникалық бақтан) бастап №29/1 көшесіне дейін, Mega Silk Way сауда орталығына дейінгі аралыққа беруді, ал ескі көшеге Қостанай облысындағы елдімекен Диханкөл атауын, Мәншүк Мәметова көшесіне Қарамерген деген атты ұсынып отыр.
«Бұрынғы Сәбит Мұқанов көшесін Ақмола облысындағы елдімекен Қостомар деген атпен атау туралы қорытындыға келдік. Ұсынылып отырған тұлғалардың барлығы Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған тарихи тұлғалардың тізімінен алынып отыр. сонымен қатар жер-су аттары да бекітілген тізімнен алынды», – деді Сәкен Есіркеп.
Қаладағы №20 мектепке Шәкен Аймановтың есімі берілгелі жатыр екен.
«Шәкен Айманов - қазақ кинемотографиясын көтерген азаматтың бірі, мақтанышымыз. Неге №20 мектепке беріп отырмыз? Ол мектептің қайда екенін білесіздер ме? Қаланың шетіндегі, орыс тілінде оқытатын мектеп», – деді мәслихат депутаты Азамат Айтқожин.
Басқарма басшысының айтуынша, қаладағы мектептер Шәкен Аймановтың есімін алғысы келмеген.
«Неге 20 мектеп дегенде қалалық Білім басқармасымен ақылдасып, мектептермен үнемі байланыста отырамыз. Шеттегі мектеп деп оларды кемсітуге болмайтын шығар деп ойлаймын. Бәрінде балаларымыз оқып жатыр, онда да білім береді. Атау берген кезде біріншіден мектептің мұғалімдері, ұжымымен ақылдасамыз. Мысалы, Шәкен Аймановтың атын бұған дейін бірнеше рет ұсындық. Бірақ бірде-бір мектеп Шәкен Аймановты алғысы келіп отырған жоқ. №20 мектеп біз алайық, Шәкен Айманов тұлғасын дәріптейік, жастарға танытайық, өнерді насихаттайық деген соң қолдап, мектепке ұсынып отырмыз», – деді Ескіркеп.
Алайда депутат ономастикалық комиссия ұсынған Қостомар атауына қарсы шықты.
Мен осы Целиноград (Астананың бұрынғы атауы – авт.) тұрғынымын. Неге осы Целиноград азаматтарының аттарын бермейсіздер? Қостанайдың Қостомары бар деген ұят нәрсе. 100 метр болсын, бұл еліміздің астанасы. Онда басқа азаматтарды табайық. Осымен екінші рет қатысып отырмын, шынымды айтайын, көңілім толмай отыр, – деп толықтырды сөзін Айтқожин.
Қостомар атауын жария тыңдауға қатысып отырған мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов та қолдаған жоқ.
«Мен ономастикалық комиссияның шешіміне қарсы болмаймын. Бірақ қазақ болған соң әр сөздің мағынасына қарап, көңіл бөлсек. Томар деген... Тарихи жер мен елдімекен атауы болса, онда толық қолдауға болушы еді. Томар деген құлаққа жағымсыз естіледі. Неге басқаша қоймасқа? Мәселен, Әлихан Бөкейханов дүниеге келген Желтау деген жердің атауы бар. Неге соны қоймаймыз? Томарға менің қарсылығым бар. Мағынасы жағымсыз естіледі», – деді хатшы.
Басқарма басшысы Сәкен Есіркеповтің айтуынша, елімізде республикалық ономастикалық комиссия бекіткен жер-су аттарының тізімі бар.
«Ол жерде 250-300 арасында тізім бар. Одан тыс атау бере алмаймыз. Қазақта небір әдемі жер-су аттары бар, бірақ аталған тізімде болмаса бере алмаймыз. Сол жер-су аттарының 70 пайызы қаламызда беріліп қойған. Үлкен-кіші көшелерге сол тізімнен айтуға ыңғайлы дегендері беріліп қойған. Қостомарды сол тізімнің ішінен алып отырмыз. Республикалық ономастикалық комиссияда қаншама қайраткерлер отыр, солар Қостомар сөзін өңірлердегі жерлерді атауға болады деп ұсынып отыр. Екіншіден, бізде гидронимдік, топонимдік атаулар бар. Еліміздің бірнеше өңірінде Қостомар деген атау бар. Егер қарсылықт, жер-су аттарының тізімі 20-30 атау ұсынарсыздар», – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Белгілі болғандай, мәслихат хатшысының елорда көшелеріне атау беру жұмысына көңілі толмайды екен.
«Әл-Фараби көшесі қаланың сыртына берілді. Еліміздің ғана емес, әлемдік деңгейдегі тұлға. Қайдағы жоқ өндірістік аймақтағы түсініксіз көшені бердік те, сонымен қойдық. Өзімізді өзіміз тығырыққа тіреп отырмыз. Шешім қабылдағанда сақ болу керек деп ойлаймын. Үлкен тұлғалардың атына көше бергенде жан-жақты қарап, талқылау қажет. Енді оны өзгерту үшін 10 жыл уақыт өту керек», – деді Каналимов.
Қазір басқарма әл-Фараби көшесін №38 көшеге көшіру бойынша мәселені пысықтап жатыр.
Жиында ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің атындағы көшені ауыстыру мәселесі де көтерілді.
«Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметоваға берілген көше оның атына лайық емес деп айттыңыз. Ал Кеңес одағының батыры, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровке қазіргі көшесі лайықты деп ойлайсыз ба? Қаланың шетіндегі кішігірім көше. Неге біз ол кісіге қаланың ортасынан дұрыс бір көшені бермейміз?», – деп сауал қойды депутат Гүлжамал Жапарова.
«Біз бұған дейін Тоқтар Әубәкіров көшесін ауыстыру туралы бастама көтердік. Қазір ол көше Қырқыншы стансада, қасында Талғат Мұсабаевтың көшесі тұр. Бірақ республикалық ономастикалық комиссия бұл ұсынысымызды құптамады. Тағы да ұсынайық. Біз ұсындық, Тоқтар Әубәкіровтің өзі «менің көшемді басқа жерге ауыстырыңдар» деген ұсыныс айтты. Бірақ республикалық комиссия «тізімде жоқ және көзі тірі кісі» деп одан бас тартты», – дейді Сәкен Есіркеп.