Halyq Uni логотип
×

Шымкентте «Сыра короліне» тиесілі болған зәулім үйге қатысты дау шықты: ата-аналар бас көтерді

Тоқтар Төлешовке тиесілі болған үй мемлекет меншігіне төрт жыл бұрын өткен

Шымкентте «Сыра короліне» тиесілі болған зәулім үйге қатысты дау шықты: ата-аналар бас көтерді
Halyq Uni

Шымкентте сотталған Тоқтар Төлешовтің бұрынғы зәулім үйіне қатысты дау шықты. 4 жыл бұрын мемлекет меншігіне өткен ғимаратта балаларға бейнелеу өнері үйірмесі ұйымдастырылған.

Алайда бұл мекеменің жұмысы тоқтатылады. Ал балалар басқа ғимаратқа көшіріледі. Бұл өзгерістерге ата-аналар қарсы болып, бас көтерді. Олар үйірме мекенжайын ауыстырмауды сұрап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Баламызда басқа жаққа жіберуге қарсымыз. Бұл маңайда ешқандай басқа үйірме жоқ. 4 жыл бұрын ашылғанда қатты қуандық. Бірақ оны да көп көріпті. Балаларымыз осы жерге келіп, телефоннан алыстаған еді. Көшеде де жүре бермейді. Бұл ғимараттың кімге керек болғанын білмеймін», - дейді Шымкент тұрғыны Жанар Әбдірашова.

Мемлекеттік бейнелеу өнері үйірмесіне Шымкентте 350 бала барады. Мекеме директоры алғашында балалардың тым аз болғанын айтады. Алайда кейінгі жылдары келушілер күрт көбейген. Соған байланысты балаларды басқа ғимаратқа көшіру жоспарланған.

Ал ата-аналар бұл өзгерістер туралы мұғалімдерден жуырда естіген.

Қызым таңертең осы үйірмеге келеді. Бұл жерден шыққан соң мектебіне барады. Уақыты да, орналасқан жері де балаларға ыңғайлы. Енді жабамыз деп жатыр. Осынша балаға обал ғой. Бізге ешкім ескерткен де жоқ. Өзіміз мұғалімдерден естіп қалдық. Жаңа ғимарат бұл ауданнан тым алыс орналасқан. Ол жаққа барып келемін дегенше түн болады, - дейді Халида Икрамова.

Ата-аналар үйірменің осы ғимаратта өткенін қалайды. Алайда Шымкент білім басқармасының басшысы шешім шығарып қойған.

Жанат Тәжиеваның сөзінше, балаларды тасымалдайтын автобустар да бар.

Бұл ғимаратқа келушілер күннен күнге сыймай бара жатыр. Әрі бұл жер талапқа сай келмейді. Бұрын үй болған. Енді үйірмеге сай етіп, басқа ғимарат іздеп жатырмыз. Шәкірттерді апарып-әкелетін автобус та бар. Бензині мен басқасынан ешқандай қиындық тумайды, - дейді Жанат Тәжиева.

Айта кетейік, «Сыра королі» атанған Тоқтар Төлешов 2016 жылдың 7 қарашасында мүлкі тәркіленіп, 21 жылға сотталды.

Тоқтар Төлешовтің мүлкі мемлекет меншігіне берілді. Солардың бірі – қаладағы көпқабатты үй. Енді бұл ғимараттың кімге берілетіні белгісіз. Ал балаларға арналған басқа ғимарат табылмаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама