Тұрғындар мен кәсіпкер арасындағы жер дауы екі жыл бұрын басталған
Жамбыл облысында диқандар әділдік сұрап әкімдік алдына жиналды. Тұрар Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылының тұрғындарының айтуынша, кәсіпкер тұрғындарға ақша төлеудің орнына қарызға кіргізген. Енді олар аймақ басшылығынан көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ауыл тұрғындардың айтуынша, ауыл кооперативінің инвесторы шаруалардың 600 гектарға жуық жерін алып қойған. Ол мұны қарыздың өтемі деп атаған. Салдарынан диқандар егіс алқаптарына соқа сала алмай отыр.
Тұрғындар қарыздың қайдан шыққанынан да бейхабар. Қайыңды ауылындағы шаруалардың сөзінше, олар 11 жыл бұрын ауыл кооперативін көркейтемін деп келген инвестормен келісімшартқа отырған. Шарт бойынша диқандар кәсіпкерге 584 гектар жерін пайдалануға береді. Ал түскен табыстың 95 пайызы инвесторға, 5 пайызы диқандарға беріледі.
Бірақ 2020 жылдан бастап жерге қатысты дау шыққан. Инвестор диқандарға кейінгі 10 жылда ауыл кооперативі үшін 21 миллион теңге ақша салғанын айтып, халықтан қарызын қайтаруды талап еткен. Содан кейін тұрғындар қарыздың қайдан шыққанын анықтауға кіріскен. Олардың айтуынша, инвестор өз компаниясының директоры етіп бірнеше адамды тағайындаған. Олар ұжым шығынын жабуға деген себеппен халықтың атынан құжат жүзінде ақша алып отырған.
Тұрғындар қазірге дейін үш директор ауысқанын, олардың құйтырқы әрекеттерінің зардабын шаруалар көріп отырғанын айтады.
«Басында кооперативке келгенде суармалы жердің барлығы шаруаларға қалады деп айтты. Бәріміз бірге жұмыс істеу мақсатында қол қойдық. Бір күні «Атлах» серіктестігінің иесі, яғни, біздің «Қайыңды» кооперативінің инвесторы ауыл адамдарынан ешкімді таңдамай, тек өзінің сырттан әкелген адамдарын сол жерге басшы қылып қойды. Директор лауазымына тағайындады. Бірінің орнына бірі келген бастықтар инвестордан жемге, шөпке, бензинге деген секілді түрлі себеппен ақша алып отырған», - дейді Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны Нұржан Сералиев.
Азаматтың айтуынша, инвестор «Қайыңды» кооперативіне қанша қаржы бөлгенін айтып отыр. Ал ол қаржыны өзі қызметке қойған адамдар қабылдап алған.
Осылай талай жылдан бері «Қайыңды» қарызға кіре береді. Енді келіп бізбен келіспей, алқапты алып қойды. Ол кооперативте маған тиесілі 20 гектар жер бар. Қарыз есебінен жерді алып, оны басқаға жалға беріп отыр. Айтуынша, 21 миллион теңге қарызды өтемей, жерге жақындай алмайды екенбіз, - дейді Нұржан Сералиев.
Диқандар екі жылдан бері инвестормен мәселені шеше алмай отыр. Іс сотқа дейін жеткен, алайда тұрғындар сотта жеңілген.
«Мәселені қарап шығуға бізге уақыт беріңіздер. Үш күннің ішінде нақты жауабын беруіміз керек», - дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.
Ал инвестормен байланысу мүмкін болмады. Ал өз жеріне жете алмай жүрген кооперативтің 24 мүшесі әкімдікке үміт артып отыр. Ал жергілікті билік өкілдері заң бойынша тегін кеңес беретін мамандарды жұмылдырады.