Мақпал Тәжмағамбетова Бас прокурор мен Мәдениет министріне депутаттық сауал жолдады
Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова арзан күлкі, бейпіл сөз, белден төмен әңгімелерге толы видео контенттер, фильмдер мен сериалдар жастардың санасын улап жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депуттық сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа жолдады.
«Сорақылық төрге озған заман болды. Сахнаға шыққан әнші мас болып сөйледі, боқауыз да айтты, құтылды. Ұлттық құндылықтарды аяқасты еткендер тек кешірім сұраумен сытылды. Ал балағаттау насихатқа айналды... Кейінгі кезде мазмұны, контексі боқауыз сөздерге толы сериалдар қаптап кетті. Дөрекелік көріністері кинода ғана емес, эпизодтары барлық әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Осыдан 2 жыл бұрын «Қайрат болма, адам бол» деген сериалда қазақтың рухты есімін жерге таптағанын да көрдік. Олар енді толық метражды фильм ретінде кинотеатрларға шықты. Соның тағы бір көрінісі – дәл қазір Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіліп жатқан «Пацанские истории» фильмі», – деді Мақпал Тәжмағамбетова.
Оның айтуынша, 18+, 21+ жас санатына арналған мұндай фильмдерге ешқандай шектеу жоқ.
«Бірақ бұл әрекеттер біртұтас ұлттың тағдырына, қоғамға, идеологиямызға, мемлекеттік саясатқа кереғар әсер етіп жатқанын түсініп отырмыз ба? Қазақстан кинематография туралы заңының 8-бабы 3-тармағында «Қазақстан аумағында «21 жастан бастап» жас санаты бар фильмді кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда жергілікті уақытпен сағат 22:00-ден кейін таңға 06:00-ге дейін прокаттауға жол беріледі» деп нақты көрсетілген. Ал бұл фильмдер кинотеатрларда кешкі сағат 18:00-ден бастап көрсетіліп жүр. Оң-солын танымаған жастар, ата-анасынан кешкі уақытқа сұранып шыққан жасөспірімдер емін-еркін көруде. Сонда бұл заңды білмеу ме, әлде көпе-көрнеу заңды белден басу ма? Жаңа Қазақстанда заң үстемдігін орнатуға күш салып жатқанда мұндай сорақылыққа кім және не үшін жол беріп отыр? Прокатуруға рұқсат беретін Мәдениет министрлігі бұған не дейді?», – деді ол.
Депутаттың пікірінше, бұл фильмдер мен сериалдар жастардың санасын улап жатыр.
Жалпы белең алып бара жатқан мұндай арзан күлкі, бейпіл сөз, белден төмен әңгімелерге толы бейнеконтенттер, фильмдер, сериалдар өз алдына, енді бейәдеп сахналар, сайқымазаққа айналған халықтық шығармалар театрларда көрсетіле бастады. Мысалы, Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық театрда сахналанған Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» шығармасы. Көрдік. Қатты сасқанбыз, бетті басқанбыз. Қоғамның сұранысы деген желеумен ұлттық шығармаларды да былғай бастадық.
Мұндай әрекеттер қоғамға, өскелең ұрпақтың дүниетанымы мен санасына, тіпті әрірек айтсақ, мемлекеттігіміздің тұтастығы мен ұлттық ұстынымызға қауіп төндіріп отырғандығын қоғам жанашырлары шырылдап айтып та жүр. Рухани ұстынымызды қайтсек түгендейміз деп жүргенде, ұрпақты дүбара қылатын мұндай насихат жаудан да қауіпті болып тұр, - деді депутат.
Мақпал Тәжмағамбетова бірқатар ұсынысын да айтты: