×

«Құраннан басқасын өзгертуге болады». Жаңбыршин Жоғарғы соттың жұмысын сынға алды

Депутаттың пікірінше, сот халықтың үніне құлақ аспай отыр

 Дәурен Ерболат 09.11.2022 | 12:19
Еділ Жаңбыршин, фото: facebook.com/edilzh

Депутат Еділ Жаңбыршин сот үкіміне көңілі толмайтын жандардың Астанаға жиі келетінін, ал Жоғарғы сот халықтың мұңын тыңдамай отырғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат бұны қоғамдағы өзекті мәселенің бірі деп есептейді.

«Өйткені, өздеріңізге жақсы мәлім, Қазақстанның түкпір-түкпірінен әділдік іздеп, Астанаға көптеген азамат келіп жатады. Олар Үкімет ғимаратының айналасына пикет ұйымдастырып, Жоғарғы соттың өкілдерімен кездесуді талап етіп, бірнеше рет Парламентке келді. Енді бір қызығы бұл адамдарды Президент әкімшілігі, Парламент депутаттары, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Үкімет мүшелері қабылдайды. Бірақ Жоғарғы сотқа келгенде, оларды ешкім қабылдамайды. Жоғарғы соттың тек аппарат қызметкерлері ғимараттан шығып, олармен кездесу өткізеді», – деді депутат.

Еділ Жаңбыршин кейбір адамдар өзіне қол салып жатқанын жеткізді. Оның пікірінше, Жоғарғы сот президенттің тапсырмасын орындамай отыр.

«Әділдік іздеген адамдар өздеріне қол жұмсап, тіпті кейбірі өзін өртеді. Мұндай жағдай Астанада да, өңірлерде де осындай мәселелер болып жатыр. Неге? Себебі, соттар 2016 жылы съезде кодекс қабылдап, (адамдармен – авт.) процессуалдық емес контакт болмасын деп өздерін әдейі шектеп тастаған. Сот жүйесі жабық мекемеге айналып кеткен. Президент «Үкімет ашық болуы керек, биліктегі адамдар халықпен жұмыс істеп, оларды естуі керек» деді. Ал сіздерден мұны көріп отырған жоқпыз. Сондықтан біз мәселені жергілікті жерде реттеуіміз керек, не сіздер Астанаға келген халықпен дұрыс кездесуіңіз керек. Бұл мәселені шешу үшін не істеп жатырсыздар?», – деді ол.

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді.

«Қателесіп отырсыз. Сіз айтқан мәселе кодекспен реттелмейді. Бұл Конституциялық заңмен реттеледі. Ата заңға сәйкес соттар сотқа қатысушылармен тек процессуалдық жағдайда кездесуі керек. Сондықтан істерді қабылдауға тыйым салынған. Әрине, мұндай тәжірибе болды. Бұл дұрыс емес. Бүгін біз бұл мәселені қарап, шешім қабылдадық. Оларды қабылдау процессуалдық контакт болып саналады. Ол – заңға қайшы. Өйткені сотта 2 тарап бар. Бір жағын қабылдасақ, екінші тарап риза болмайды. Сондай жағдай болып жатыр. Сондықтан құқықтық мемлекет ретінде заң шеңберінде жұмыс істеуіміз шарт. Сот заң шеңберінде ғана істі қарауы керек. Осыған байланысты адамдарды қабылдауға болмайды», – деді Жоғарғы сот өкілі.

Еділ Жаңбыршин бұл жүйені өзгерту керегін атап өтті.

«Меніңше, бұл – қате пікір. Біз соттың процесіне араласуға болмайтынын түсінеміз. Соттың шешімі қабылданып, іске асуы керек. Бірақ азаматтар осындай мәселемен келгенде оларды қабылдау механизмін қабылдау керек сияқты. Себебі, олар сіздерге келеді. Кейін оларды бізге қабылдауға тура келеді. Сондықтан бұл мәселені қарастыруымыз керек. Қатып қалған ештеңе жоқ. Құраннан басқасын өзгертуге болады. Менің ойымша, сіздердегі жұмыстың механизмі дұрыс іске аспай жатыр не өзімізге шектеу қойып отырмыз. Сондықтан біз қоғаммен бірге жұмыс істеуіміз керек. Оның тұрақтылығын қамтамасыз етуіміз шарт», – деді депутат.

Әбдірашид Жүкенов бұл мәселе алдағы уақытта Жоғарғы сотта қаралатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама