Депутат көл-көсір байлыққа салық салуды тағы да ұсынды
Сенатор сән-салтанат салығы көптеген елде барын айтты
Бүгін Сенатта Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы сұрақ-жауап барысында ен байлыққа салық салу мәселесін тағы қозғады. Депутаттың айтуынша, сән-салтанат салығы көптеген елде бар.
Бұл жерде қымбат - элиталы жылжымайтын мүліктер, ұшақтар, яхталар, қымбат автокөліктер, зергерлік бұйымдар сияқты сән-салтанатқа салық енгізу елде салық салудың әділетті жүйесін қалыптастырады деп ойлаймын. Осыдан бір жыл бұрын бұл сұрақты Ұлттық экономика министрлігіне қойған кезде олар осы бағытта жұмыс істейміз деген болатын. Бірақ, өкінішке қарай, мына Салық кодексінен мұны көріп тұрған жоқпыз, - деді Мұрат Бақтиярұлы.
Депутаттың сауалына жауап берген Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев Үкімет ен байлыққа салық салу мәселесін қарастырып жатқанын айтты.
Бизнеспен ақылдасып жатырмыз. Келесі жылы Үкімет жобасына енгізіледі, - деп жауап берді министр.
Сенатор бұл мәселені осыдан бір жыл бұрын – 2020 жылдың қарашасында да көтеріп, Қазақстандағы ауқатты адамдар халық алдында әлеуметтік жауапкершілік алуға және өз байлығын елдің дамуына бағыттауға тиіс деп санайтынын жеткізген. Сол кездегі Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкіметтің байлыққа салық енгізу жоспары бар екенін мәлімдеген болатын.