×

Депутат Балалар жылында қандай шараларға басымдық беру керектігін айтты

Ләззат Рамазанова балаларға қатысты мемлекеттік қолдау шаралары тек биылмен шектелмеуі керектігін жеткізді

 Айнұр Шошаева 28.02.2022 | 11:56
коллаж: Halyq Uni

Қазақстандағы балаларға қатысты мемлекеттік қолдау шаралары тек Балалар жылының аясында шектелмеуі керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты – Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова жауап берді.

Президент Тоқаев жаңажылдық құттықтауында 2022 жылды Қазақстанда Балалар жылы деп жариялады. Алайда Қазақстанда жылдың екінші айы аяқталғанына қарамастан, Балалар жылын атап өтудің нақты іс-жоспары бекітілген жоқ.

«Балалар жылын өткізуге арналған іс-шаралар жоспары бекітілуде. Бұл жоспарда нормативтік тұрғыдан да, ұйымдастыру шараларына қатысты да пунктер қарастырылған. Десе де, балаларға қатысты мемлекеттік қолдау шаралары тек осы жылдың аясында шектелмеуі керек дер едім. Балалардың өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру – бұл біздің міндетіміз және де оны тұрақты түрде іске асырып отыруымыз керек», - деді Рамазанова.

Оның пікірінше, балалар бақытты отбасында тәрбие алып, сапалы білім алуға жағдайы жасалған, денсаулық сақтау қызметі тегін ұсынылатын, өзін-өзі үнемі дамытуға мүмкіндік жасалған ортада өсіп жетілуі керек. Сондай-ақ оларды буллинг, кемсітушілік сынды зорлық-зомбылықтың қай түрінен болсын қорғау маңызды.

«Балалар жылын қоғам болып қалай атап өтуіміз керек деген сауалға келер болсақ... Менің ойымша, осы сауалды әрқайсымыз ең алдымен өзіміге қоюымыз керек. Балам бақытты болуы үшін нендей іс жасадым? Балаларыма қанша уақыт бөлемін? Баламның бойындағы таланты мен мүмкіндігін дамытуға әрекет жасадым ба? Баламның бойында отбасы құндылығы, салт-дәстүрді сіңіре алдым ба? Оқудағы, спорттағы жетістігі жайлы сұраймын ба? Қиын сәттерде баламның қасынан табылып жүрмін бе? Қазір ата-аналардан сұрасаңыз, балалар тек интернетке әуес деген жауапты естиміз. Бұл жауаппен өзімізді-өзіміз алдамаймыз ба? Осылайша ата-ана бала тәрбиесіндегі өзінің жауапкершілігін төмендетіп отырған  жоқ па?!», - деп қосты ол.

Депутат балаларды жақсы көріп, дұрыс тәрбие беру үшін арнайы мерекені күтудің қажеті жоқ дейді.  

Үлкендер күн көрістің қамымен, табыс табудың соңында жүр. Десе де, бұл қай кезде де үлкендер атқарып келе жатқан міндет қой. Сондықтан, балаларымызға көбірек уақыт бөліп, көңіл бөліп, жақсы көретінімізді көрсетсек, бұл балалар жылында атқарған әрқайсымыздың ең нәтижелі ісіміз болады деп санаймын. Турасын айтқанда, балаларымызды жақсы көру үшін арнайы мерекені күтудің де қажеті жоқ, - деп түйіндеді сөзін Ләззат Рамазанова.

Еске сала кетейік, бұған жейін сайтымызға берген сұхбатында Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен Балалар жылының нақты жоспары әлі бекітілмегенін айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама