Айдос Ербосынұлының жағдайы алаңдатып отыр
Боксшы қатты соққыдан есін әлі жиған жоқ
Кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы әлі комадан шыққан жоқ. Ол әлі өз-өзіне келе алмай жатыр. Осыған байланысты былғары қолғап иесінің АҚШ-та жекпе-жегін ұйымдастырған «Suleimen Promotions» компаниясы мәлімдеме жасады.
Компания кәсіпқой боксшының жағдайы туралы әлеуметтік желіде хабарлап, Айдос Ербосынұлының денсаулығы үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасайтынын атап өтті.
«Suleimen Promotions» компаниясының барлық ұжымы Айдос Ербосынұлының жағдайына алаңдаулы. Оның денсаулығына күнделікті бақылау жасауда. Қайтпас қайсар батырымыз біз үшін кәсіпқой бокстағы «ең үздік» болып қала бермек. Қазір Айдос Миннеаполис қаласындағы үздік клиникалардың біріне жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы бірқалыпты. Біз оның денсаулығы жақсаратынына сенімдіміз.
Спортшымыздың емделуіне жұмсалатын барлық шығындарды ұйымдастырушы компания өз мойнына алды. Сондай-ақ Айдосқа жауынгерлік рухын көтеріп, өзін жақсы сезінуі үшін Қазақстандағы жақындарын АҚШ-қа апаратын боламыз. Әрине, спорттың қай түрінде де, соның ішінде кәсіпқой бокста жарақат алу қаупі көп. Алайда біз кез келген жағдайда Айдос Ербосынұлының денсаулығы қалпына келуі үшін барлық көмекті көрсетететін боламыз, – делінген хабарламада.
Бұған дейін хабарланғандай, Айдос Ербосынұлы кубалық Давид Моррельмен жекпе-жекте әуелі нокдаун алып, одан кейін ауыр нокаутқа түскен болатын. Кездесуде төреші Тони Уикс осы жағдайды ескеріп, айқасты мерзімінен бұрын тоқтатып, жеңісті Моррельге берді.