Венгрия Ресейдің арандату мәлімдемесіне жауап берді
Польша мен Румыния да Украинаға ешқандай территориялық талаптарының жоқ екенін айтты
Венгрия Сыртқы істер министрлігі Ресей президенті Владимир Путиннің мәлімдемесіне орай Украинаға территориялық талабы жоқ екенін айтып жауап берді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Венгрия Сыртқы істер министрлігі РФ президенті Владимир Путинді жанжалды ушықтыратын мәлімдемелер тарата бергенше, соғысты тоқтатуға шақырды.
Біз соғыс жанжалын ушықтыра түсетін мәлімдемені дұрыс деп есептемейміз. Мұндай мәлімдеме жариялағанша, жедел соғысты тоқтатып, бейбіт келісімге келу жағын ойлауы керек, – делінген министрлік хабарламасында.
Ал Путин өзінің бұл сөзінде Польша, Румыния және Венгрия елдерінің Украинаға территориялық талаптары болулары мүмкін екенін айтқан болатын. Ол үш елдің басшылығы бұл мәлімдемеге тез жауап қайтарды: Румыния өзінің ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Ал Польша жалған ақпарат таратып отырғаны үшін Путиннің өзін айыптады.
Венгрия үкіметі болса, РФ президентінің арандатушылығына ешқандай мән берген жоқ. Бірақ кеше елдің Сыртқы істер министрлігі журналистерге түсіндірме берді.