Тоқаев Жанболат Мамайға, Шораевқа, Тоғжанға 5 миллионнан беруге міндетті емес қой дейді
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қазақстанда саяси партия құрудың құнын атады. «...Сұрауы бар» Youtube арнасының жүргізуші Ербол Сейілханға берген сұхбатында ол осы шартқа сай келмейтін ешбір ұйымның саяси болашағы жоқ деп кесіп айтты.
Қазақстанда бір саяси партия құру үшін 1,5 миллионнан 3 миллион долларға дейін ақша керек. Тек қана құру үшін. Ешқандай сайлаусыз, бір жыл әр аудандағы өкілге, облыстағы үлкен штабтарға ақшасын төлеп отыру – 5 млн доллар. 5 млн долларың болмаса, саясатпен айналыспай-ақ қой. Қоғамдық ұйым бол, блогер бол, бірақ ол жолдан да өту керек. Ондай ақшаң жоқ па, саясаттан үмітіңді үз! - дейді Айдос Сарым.
Бұл сөздердің құр сылтау емес екенінің дәлелі ретінде саясаткер өз тәжірибесін де мысалға келтірді.
Мен де екі рет партия құруға талаптанып көрдім. Демеуші де тауып көрдім. Бірақ қолымнан келмеді. Сондықтан басқаша тіршілік жасап жатырмын. Сол сияқты, партия құрамын деген әр адам осы жолдан өтуі керек. Сосын өзі айтпақ түгілі, ағайыны айтады: «көке, сен жақсы жігітсің. Бірақ қолыңнан шаруа келмейді», - дейді. Себебі мен билікке қарсы шығамын, ағайыныммен ұрсысып қаламын, т.б.
Менің тыныс-тіршілігімді, бір жылдық жалақымды жауып беретін мүмкіндігің болмаса, бір жылдан кейін сені тастаймын ғой. Қанша жерден саған ғашық болайын, сені керемет ғұлама саясаткер санайын. Бірақ өмір осындай кішкентай дүниелерден тұрады», - дейді депутат.
Еске сала кетсек, ол кезіндегі «Нұр-Отан», қазіргі AMANAT партиясының құрамына кіріп, депутат болғанға дейін бірнеше белсендімен бірігіп, партия құратынын мәлімдеген еді. Сөйтіп, билік партиясына оппонент боламыз деп жүрген Айдос Сарымның өзі 2020 жылы сол партияның құрамына кіріп кетті. Енді ол тағы да қазіргі саяси жағдайды партия құруға ең қолайлы сәт деп отыр.
«Қазір саяси реформа басталды да, бәріне мүмкіндік ашылды. Ал істеп көріңдер. Тоқаев Жанболат Мамайға 5 млн, Шораевқа, Тоғжанға 5 миллионнан беруге міндетті емес қой? Өзің тап, ізде! Егер өзіңе сенімді адам болатын болсаң, әр адамнан 100 доллардан жинайтын болсаң да, тап! Ондай да партиялар бар. Сенің әрбір сөзіңді халық аузын ашып, өмір бойы күткен. «Абайдан кейінгі жарығым сенсің» дейтіндей сенім болса, елдің ішіне шығып көрсін», - дейді мәжілісмен.